Донор болу – алғыссыз ерлік

0
2 163

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 2005 жылдан бері 14 маусым Донор күні ретінде аталып өтеді.


Донор болу – алғыссыз ерлік

ERNUR.KZ. Донор күніне орай 14 маусым күні Ханшатыр ойын-сауық орталығында акция өтеді. Мақсаты – донор қанының қауіп­сіздігі жайлы мағлұмат беру, деп жазады Aikyn.kz.

– Жыл сайын Денсаулық сақтау ұйымы Донор күнінің жаңа ұра­нын белгілейді. Биылғы ұран «Баршамызға қауіпсіз қан!» деп атал­ды. Ел арасында қан құю арқы­лы вирус жұқтырып аламын деген қорқыныш бар. Сондықтан осы ұран таңдалып отыр. Мұндай қорқынышқа негіз жоқ. Себебі, донордан қан алынғаннан кейін ол бірнеше мәрте тексеруден өте­ді. Қан құрамындағы қауіпті вирус­тар жойылып, қан құрамы сүзгіден өтеді. 2018 жылы елімізде 200 мыңнан астам адам донор болып, қан тапсырды. Соның 18 мыңы – үш реттен көп донор болғандар.

Жыл сайын белсенді донорларға «Ден­саулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» деген төсбелгі табыс­талады. Шара барысында өмірінде 40-тан көп қан немесе 70 рет плаз­ма тапсырған донорлар Пармбек Сарыбасов, Галина Акситина, Ирина Иванова осы төсбелгімен марапатталады, – дейді республикалық трансфузио­логия ғылыми-өндірістік ор­талығының дәрігері Зәуреш Әлменовадан.

Адам ғұмырына ауадай қажет қанға зәру жандарға, өмір мен өлім арасында жатқан науқастарға екінші өмір сыйлау – сауапты іс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 2005 жылдан бері 14 маусым Донор күні ретінде аталып өтеді. Бұл атаулы күн адамның қан тобын алғаш болып анықтаған физиология, медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, австриялық иммунолог Карл Ландштейнердің құрметіне белгіленген.

Әлем халқы бұл күні демалмай­ды, мереке тойламайды. Себебі, бұл ізгіліктің баршаға, жақсылық­тың мұқтажға бұйырар күні. Бойындағы тамшы қанын зәру жандарға «сыйлайтын» құрметті жандар бар. Олар – донорлар.

Ересек адамда 5,5 литрге жуық қан болады. Негізінде, донордан 450 милилитр қан алынады. Қан тапсырудың адам ағзасына тигі­зер пайдасы ұшан-теңіз. Қан тап­сырылған сайын адам бойын­дағы қан тазарып, жаңарады. Бұл өз кезегінде көптеген аурулардың алдын алады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрақты түрде қан тапсыратын донорлар­дың өмірі шамамен 5 жылға ұза­рады екен. Ал бір рет қан тапсыр­ған донор орта есеппен үш адам­ның өмірін құтқарады. Бұл қо­ғамға ғана емес, қан тапсырушы адам үшін де пайдалы. Донорлар СПИД, сифилис, қандағы ге­могло­бин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау сын­ды талдау түрлерін тегін жа­сата алады. Қан тапсырған күні студенттер мен оқушылар сабақ­тан, жұмысшылар жұ­мы­сынан босатылады. Заң жүзінде еңбек­ақы­сы сақталатын екі күндік дема­лыс беріледі.

Донор болу үшін айтарлықтай көп талап та қойылмайды. Ең алдымен, жасыңыз 18-ге толуы керек. Орта есеппен қанның құрамдас бөліктері тромбоциттер мен плазма тапсыру арасы 14 күннен кем болмауы қажет. Ал толық қан доноры болған кезде 60 күнде бір рет тапсырып тұру керек.

Қан тапсырмас бұрын донор, алдымен, медициналық тексеру­ден өтеді. Дәрігерлердің айтуын­ша, қан тапсыратын адам майлы тағамдар мен ет-сүт өнімдерінен бас тарту қажет. Керісінше, тәтті шай, шырын, газдалған сусын ішкен абзал.