Егіс алқабында 50 мың тоннадан астам өнім жиналмай қалды

0
311

Ғалиасқар Сарыбаев Алматы, Жетісу облыстарындағы жүгері өсірушілердің мәселесін көтерді.


Егіс алқабында 50 мың тоннадан астам өнім жиналмай қалды

ERNUR.KZ. Сенат отырысында депутат Ғалиасқар Сарыбаев Алматы, Жетісу облыстарындағы жүгері өсірушілердің шығынға ұшырағанын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

"2023 жыл еліміздегі диқаншылар үшін күрделі жыл болды. Жауын-шашынның жаумауы, су тапшылығы, ауыл шаруашылығы нарығындағы өнімдердің түсіп кетуі және басқа да себептер көптеген шығындарға әкелді", – деді сенатор депутаттық сауалында.

Жуырда ғана ауылдарды аралап, тұрғындармен және шаруалармен кездесіп қайтқан депутат бірнеше өзекті мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, шаруалар алған өнімдерінің өтпей отырғанын, сақтау орындарының тапшылығын, азық-түлік бағасының өсуі сынды жайттар бар.

"Біз Алматы және Жетісу облысындағы жүгері өсірушілердің мәселесіне назар аударғымыз келеді. Жүгері – азық-түлік, жем-шөп және техникалық мақсатта пайдаланылатын маңызды дақылдардың бірі. Жетісу мен Алматы облыстары жүгеріні 700 жылдан астам уақыт бойы өсіріп келеді. Қазақстанда ғана емес, көршілес елдер арасында негізгі өндірушілердің біріне айналды. Алайда, былтырғы қолайсыз ауа-райының салдарынан егіс алқабында жүздеген гектар өнім жиналмай қалды. Қоймалардың жоқтығы немесе оны ұсынып отырғандардың бағаларының көтеріңкі болуы өнімдердің өтпеуіне әкелуде", – деп түсіндірді депутат.

Сонымен қатар, Ғалиасқар Сарыбаев ауыл шаруашылығы өндірушілерін шығындардан сақтау мақсатында іс-шара жоспарын шұғыл енгізуді сұрады.