Электр бағанасына асылған қыз бен жігіттің денесі қапшағайлықтарды шошытты

0
729

Мәйіттерді сол маңнан кездейсоқ өтіп бара жатқан тұрғындар көріп полиция шақыртқан.


Электр бағанасына асылған қыз бен жігіттің денесі қапшағайлықтарды шошытты

фото: кадрдан алынған

Алматы облысында қыз бен жігіттің өлі денесі жоғарғы вольтты электр бағанасына асылған күйі табылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Отбасылық жанжал өлімге итермелуі мүмкін. Алматы облысында өзіне қол салған ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты тұрғындар түрлі болжам айтуда. Сұмдық оқиғаны естіп есеңгіреген Қапшағай қаласының кей тұрғындары жас жұбайлар өздігінен мұндай қадамға барды дегенге сенбейтіндерін айтқан.

"Бізге келген суретте екеуінің асылып тұрғанын жіберді. Екеуі жақында құдаласқан 23 жастағы ер бала, 18 жастағы қыз. Казинодан шықты деген әңгіме айтылды. Өздері асылғанға ұқсамайды", - дейді Қапшағай қаласының тұрғыны Ләйлә Мұрат.

Мәйіттерді сол маңнан кездейсоқ өтіп бара жатқан тұрғындар көріп полиция шақыртқан. Аза бойыңды қаза қылатын оқиға Қапшағай қаласының орталығында болыпты. Жас жұбайлардың асылып тұрған суретіне қатысты қапшағайлықтар түрлі қауесет таратып үлгерген. Кей адамдар оларды өлтіріп, сосын асып қойған десе, енді бірі ата-аналары неке қиюға рұқсат бермеген соң өмірін өлімге қиған деседі. Алайда полиция департаменті мұндай алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес, ерлі-зайыптылардың денесінде зорлық-зомбылық белгісі табылмаған.

Көз жұмған жігіт – 22, қыз 18 жаста екен. Оқиғаның себеп-салдарын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.

"Жас ерлізайыптылардың өзіне қол жұмсау фактісі бойынша ҚР ҚК 105-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тергеу Қапшағай қаласының полициясында жүргізіліп жатыр. Істің барлық мән жайы анықталуда", - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Әбілтай Әбенов.