Елімізде электромобильдер саны үш есе артты

0
370

Биыл қаңтар-наурыз айларында жаңа электрокарлардың сатылымы айтарлықтай артқан.


Елімізде электромобильдер саны үш есе артты

Ішкі істер министрлігінің статистикасына сәйкес, өткен жылғы наурыздан биыл наурыз айы аралығында елімізде электромобильдер саны айтарлықтай өскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Energyprom.kz ресурсына сілтеме жасап.

Әсіресе, мұндай көрсеткіш өткен жылы желтоқсанда байқалды. Бір айдың ішінде 521 электромобиль тіркелген. Сондай-ақ, биыл қаңтар-наурыз айларында жаңа электрокарлардың сатылымы айтарлықтай артқан.

Бұл – соңғы он жылдағы электромобильдер санындағы алғашқы маңызды өзгеріс. Ұлттық статистика бюросы электр көлігі бойынша деректерді 2012 жылдан бастап жариялап келеді. Электр көліктерінің рекордтық саны (785 электр көлігі) бұған дейін 2016 жылдың 1 қаңтарында тіркелді.

Алайда, электромобильдер санының артқанына қарамастан, отандық автопарктердегі олардың үлесі өте аз. Егер өткен жылдың наурыз айында электр көліктерінің үлес салмағы 0,01% болса, биыл 1 сәуірде ол 0,04%-ға ғана өсті.

1,9 мың «жасыл» көліктің 1,6 мыңы жеңіл автомобильдер. Олардың үлесі 84%-дан асады. Ал электр қозғалтқыштары бар жүк көліктері (8,8%) мен автобустар (6,9%) әлдеқайда аз. Қоғамдық көліктердің негізгі бөлігін, статистикалық есептерге сәйкес, өткен жылдың желтоқсанында ғана сатып ала бастады. Яғни 109 электробус тіркелді, ал биыл наурыздың соңына қарай олардың саны 134-ке жетті.

Электробус қалалық қоғамдық көліктері көбіне Астана (67) мен Алматыда (32) байқалады. Астана әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы мегаполистегі қалалық маршруттарға электр қозғалтқышы бар 115 автобус шығарылды. 2023 жылдың соңына дейін Астананың электр автобустар паркі 300-ге дейін артады.

1,2 мың немесе 63,9% батареялы автомобильдер Алматыда тіркелген. Бұған бірнеше фактор әсер еткен. Соның бірі – қалада миллионер-кәсіпкерлердің жоғары концентрациясы.