Елімізде қаржылық сауаттылық деңгейі сәл ғана көтерілді - агенттік

0
866

Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық индексі өткен жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа ұлғайған.


Елімізде қаржылық сауаттылық деңгейі сәл ғана көтерілді - агенттік

ERNUR.KZ. Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі көтерілді, деп жазады inform.kz

Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді.

«Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық индексі өткен жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа ұлғайып, 2021 жылы 39,52 пайызды құрады (2020 жылы бұл көрсеткіш 39,07% деңгейінде болды). ҚР Үкіметінің 30.05.2020ж. 338 қаулысымен бекітілген Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020 - 2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тапсырысы бойынша жүргізілген жыл сайынғы әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелері осындай болды», - делінген агенттік мәліметінде.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өлшемдері ескерілетін қаржылық сауаттылық индексін есептеу әдіснамасы мынадай үш көрсеткішті талдауды қамтиды: меншікті қаржы қаражатын басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану және халықтың қаржы жүйесі туралы хабардар болу деңгейі. 2021 жылы неғұрлым жоғары көрсеткіш «Меншікті қаржы қаражатын басқару» көрсеткішінде – 42,57%; неғұрлым төмен көрсеткіш – «Қаржы жүйесі туралы хабардар болу» көрсеткішінде – 35,45% болып тіркелді.

Бұл ретте бір жылда осы көрсеткіш 16 тармақтан астам өсті (2020 жылы ол 19,3%-ды құрады).

«2020 жылғы 28%-дан 2021 жылы 39,2%-ға дейін өз қаржысын басқару туралы, қаржы жүйесі, құралдар мен қызметтер туралы жеткілікті ақпарат пен білімі бар қазақстандықтардың саны ұлғайды. Бұл ретте, қаржылық тұрғыдан неғұрлым хабардар қала тұрғындары, негізінен ер адамдар. Сонымен қатар, «Қаржылық қызметтерді пайдалана білу» көрсеткіші 40,56%-ды құрады», - деп аталып өткен хабарламада.

Айта кетейік, 2021 жылы зерттеуге 10 000 респонденттің қатысқан. Олардың ішінде 18 жастан 29 жасқа дейінгі (23,08%), 30 жастан 49 жасқа дейінгі (62,32%), 50 жастан 63 жасқа дейінгі (12,32%), сондай-ақ 63 жастан асқан (2,28%) әйелдер (58,8%) де, ер адамдар да (41,2%) бар.

Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар 3 қалада және Қазақстанның 14 өңірінде жүргізілді. Кәсіби қызметі тұрғысынан алғанда бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (7,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (8,1%), жеке компаниялардың қызметкерлері (7,2%), дара кәсіпкерлер (6,4%), студенттер (1,9%), зейнеткерлер (1,8%), уақытша жұмыс істемейтіндер (0,68%), басқа да мамандық өкілдері (64,2%) сияқты топтардан жауап алынды. Респонденттердің отбасылық жағдайлары мынадай болды: 62,28%-ы үйленген/тұрмыс құрғандар, 26,24% – үйленбеген/тұрмыс құрмағандар, 8,4% – ажырасқандар, 1,6% – әйелі/күйеуі қайтыс болғандар, 1,4% – азаматтық некеде тұратындар.