Елімізде қазақтардың үлесі 70,4 пайызға дейін өсті

0
1 107

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша халықтың ұлттық құрамы жөніндегі тақырыптық жинақты жариялады.


Елімізде қазақтардың үлесі 70,4 пайызға дейін өсті

ERNUR.KZ. Бүгін stat.gov.kz сайтында (Ұлттық санақтар бөлімінде) Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы, діні және тілдерді меңгеруі бойынша екінші тақырыптық жинақ жарық көрді, деп жазады inbusiness.kz.

Деректер барлық қажетті ақпаратты егжей-тегжейлі зерттей алатын тарап үшін құнды дереккөз болады.

2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша қазақтар саны 13,4 млн адамды құрады, 2009 жылдан бергі өсім – 33,7% (10 млн – 2009 ж.), жалпы халық санындағы қазақтардың үлесі 63,1%-дан 70,4%-ға дейін өсті.

Сондай-ақ, саны көп ұлттар қатарына орыстар – 2,9 млн адам, өзбектер – 614 мың адам, украиндар – 387 мың адам және ұйғырлар – 290 мың адам кірді.

Қазақстанда тағы қандай этностар тұрады

Санақ қорытындысы бойынша еліміздегі этностар саны 124-ті құрады. Олардың арасында ливтер, вепсілер, орочтар, долгандар, даниялықтар, удэгейлер, цахурлар, мансылар, нанайлар, моңғолдар, селькуптер, чукчалар, ульта, нивхтер, ижорлар, кеттер, коряктар, қырымшақтар, нганасандар, саамдар, чувандар бар.

Айта кетейік, 2021 жылғы санақ раундының сауалнамаларына ұлтты "көрсетпеу" жауап нұсқасы қосылған. Осылайша, 24,8 мың адам өз ұлтын көрсетуден бас тартқан. Сондай-ақ 2021 жылы санақ кезінде "басқа ұлт" жауабын таңдағандар 47,5 мың адамды құрады, ал 2009 жылы мұндай адамдардың 8-і болған.

Алматы – полиглоттар қаласы

2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан асқан халықтың 44,9% екі тілді, 28,6% – үш тілді меңгерген. Санақ қорытындысы бойынша тағы 1,7% 4 тілде сөйлейді, 5 тілді халықтың 0,2% біледі. 6 тілді білетін полиглоттардың үлесі 0,1% немесе 8 845 адамды құрады.

Қызықты дерек, ерлерге қарағанда 4-5 тілді меңгерген әйелдердің үлесі басым, сәйкесінше 47,9% және 52,1%. Бірақ 6 және одан да көп тілді білетін ерлер үлесі, керісінше, әйелдердің үлесінен асып түседі – 55,6%.

Өңірлік бөліністе 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттар Алматы қаласында.

Бұл ретте 35,1% немесе 6 042,1 мың адам ағылшын тілін біледі, оның 27,6% – еркін сөйлейді.

Жас сегментінде ағылшын тілін білетіндердің үлесі 10-14 жас және 25-29 жас аралығында көп.

Қазақстандықтар қай дінді ұстанады

Соңғы екі санақ аралығындағы кезеңде исламды ұстанатын халықтың үлесі қатты өзгерген жоқ – 69,3%, христиан діні – 17,2%, буддизм мен иудаизм – 0,1%.

Еш дінге сенбейтіндер үлесі 2,8%-дан 2021 жылы 2,3%-ға дейін төмендеді.

Санақ қорытындысы бойынша респонденттердің 11% қандай да бір дінге қатысын көрсетуден бас тартқан. 2009 жылғы санақ кезінде мұндай бас тартқандардың үлесі 0,5% болған.

Қазақстан Республикасындағы білім беру жөніндегі келесі тақырыптық жинақ 6 қарашада жарияланады.