Елімізде кеншілер қосымша төлем алады: Заң мақұлданды

0
606

Құжатта 55 жасқа толған кеншілерге арнайы төлем төлеуді көзделген.


Елімізде кеншілер қосымша төлем алады: Заң мақұлданды

ERNUR.KZ. Сенат депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп жазады baq.kz.

Заңды қабылдаудағы негізгі мақсат қорғамдық бірлестіктер құру рәсімдерін жеңілдету және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру болып саналады. Бүгінгі таңда «Қоғамдық ұйымдар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туындауына байланысты, азаматтарымыздың қоғамдық құқығын одан әрі кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер беретін нормалар енгізіліп отыр. Бұл қоғамдық бірлестіктерді құруға қажет адамдардың санын 10 адамнан 3 адамға дейін төмендетуді көздейді, - деп таныстырды заңды сенатор Әсем Рахметова.

Құжатта 55 жасқа толған кеншілерге арнайы төлем төлеуді көзделген.

Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу бойынша түзетулер енгізілді. Бұл төлем еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алады, - деді депутат.

Төлемдер неден тұрады:
- Бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
- Сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі. Сондай-ақ бұл азаматтардың 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы айқындалды. Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі.

Сондай-ақ еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды:
- Сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақысы сомасының 6 пайыз шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеуі;
- Сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі (369 200 теңге, 2024 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге болады) мөлшерде өтеуі;
- Жазатайым оқиға салдарынан келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін болдырмау.