Еліміздегі мейрамханаларда ас мәзірі өзгереді

0
3 573

Жаңа өзгерістерге сәйкес, мейрамхана қызметкерлері ПТР тест тапсыруға міндеттелмейді.


Еліміздегі мейрамханаларда ас мәзірі өзгереді

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Биылдан бастап мейрамханалар мен дәмханалар премиум санаттағы тағамдарды ас мәзірінен алып тастауы мүмкін, деп жазады 24.kz.

Рестораторлардың айтуынша, пандемия салдарынан нарықта қымбат мәзірмен шектелетін тамақтану орындары азаяды. Қазір қолжетімді тағам ұсынатын асханаларға сұраныс көп. Елдегі эпиджағдай өзгермесе мейрамхана бизнесіндегі мекемелердің 40 пронценті банкрот болады.

Рестораторлардың айтуынша, Алматыда 500-ден астам тамақтану орны жабылды. 3 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Бизнесті сақтап қалу мақсатында кәсіп иелері премиум санаттағы тағамдарды ас мәзірінен алып тастауды жөн көрді. Себебі карантинге дейін орта есеп әр адам 10-20 мың теңге жұмсаса, қазір 3-5 мыңға төмендеді.

"Қазір жағдай мүшкіл. Себебі шағын мейрамханалардың қарызы – 7-9 млн теңге. Шығынға белшемізден баттық. Енді кәсіпті сақтап қалу үшін қолжетімді тағамдарды арттыруды жөн көріп отырмыз. Вирус шағын кәсіпті тұралатты. Енді кәсіпкерлер жаңа форматқа басымдық беруді жөн көріп отыр", дейді Қазақстан рестораторлар клубының президентінің кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Сала мамандары тапсырыс бойынша жеткізу үрдісін дамытуды көздейді. Себебі қарапайым тамақтану орындарының жеткізу айналымы 7-10 процентті құрайды.

"Қоғамдық тамақтану орындарының 90 проценттен астамы шектеулі жағдайларда қызмет етеді. Жұмыс күндері 8 сағатқа дейін жұмыс істесе, демалыста жабық болады. Әрі қарай осылай жалғасса, мекемелердің шамамен 55-60% жабылады. Қазір пилоттық жобаны қолға алып жатырмыз. Мысалы, мейрамханаларда бардың орынына балалар алаңын жасаймыз. Отбасылық және фаст фуд дәмханаларынан түсетін пайда едәуір жоғары болды, дейді Қазақстан рестораторлар клубының президентінің кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, мейрамхана қызметкерлері ПТР тест тапсыруға міндеттелмейді. Себебі олар жүйелі түрде талдау өткізуге тиісті мекеме емес. Тек тиісті санитарлық талаптарды қатаң сақтау маңызды.

"2020 жылы мобильдік топпен тексеріс жүргізілген болған. 160 қоғамдық тамақтану орындары тексеріліп, 124-не айыппұл салынды. Қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлеріне ПТР тестті тапсыру күнделікті міндетті емес. ПТР тест жүйелі түрде тапсыратын ұжым тобына жатпайды. Егер коронавирус тіркелсе, сонда ғана тапсырады", дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Қарлығаш Әбдішева.

1-2 жыл бұрын тағам жеткізу қызметі 20 проценттен аспайтын. Қазір 35 процентке дейін өскен. Бұл пандемия салдарынан болған өсім екені белгілі.