Елордалық азамат бұрын қарым-қатынаста болған құрбысын зорлаған

0
603

Оқиға биыл шілденің 12-інен 13-іне қараған түні болған.


Елордалық азамат бұрын қарым-қатынаста болған құрбысын зорлаған

ERNUR.KZ. Елордалық азамат бұрын қарым-қатынаста болған құрбысын зорлады деген күдікке ілінді. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оны ұрып-соғып, күш көрсетіп, зорлаған. Таңғы жетіге дейін бөлмеден шығармай қойған. Бұл туралы «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дина Таңсәрінің айтуынша, ер адам бұрын қарым-қатынаста болған құрбысына телефон шалып, өзін алып кетуді өтінген. Қатты мас болғандықтан, үйіне өзі бара алмайтынын айтқан. Қыз көрсетілген мекенжайға келеді. Онда бір топ ер адам есірткі қолданып, ішімдік ішіп отырған.

Әйел ер адамның өтініші бойынша такси шақырып, оны қонақүйге жеткізген. Сосын ол бірінші рет есірткі шеккенін, өмірі үшін алаңдайтынын айтып, құрбысының қалуын өтінген. Артынан ер адам қызды таңғы жетіге дейін жібермей ұстап, оны ұрып-соғып, зорлаған, қатыгездік көрсеткен.

Нұр-Сұлтанның полиция департаментінің ақпаратынша, бұл фактіге қатысты Есіл ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 120-бабы (зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, бірқатар сараптама тағайындалған.

«Жәбірленуші күдіктімен 2015 жылдан бері таныс екені және бұрын жақын қарым-қатынаста болғаны анықталды. Осы жылдың 12 шілдесінде ер адам оны саунаға шақырған. Ол жерде екеуі бірге уақыт өткізіп, кейін қонақүйге барып, жыныстық қатынасқа түскен. 13 шілде күні таңертең жәбірленуші полицияға зорланғаны туралы арызбен жүгінді», - делінген хабарламада.

«Не молчи» белсендісінің айтуынша, арыз полицияға жеткен соң, ол (күдікті) жәбірленушіге 1 млн теңге көлемінде ақша ұсынған. Алайда, жәбірленуші ақшаны алудан бас тартқан.