"Емдейтін ешкім қалмайды": атыраулық дәрігерлер әріптестеріне қолдау білдірді

0
987

Ақ халаттылар "тоңазытқыштағы сәбидің өлімі" қатысты айыпталып жатқан дәрігерлерді кінәсіз деп санайды.


ERNUR.KZ. 8 желтоқсанда Атыраудағы медицина мекемелерінің он бес шақты акушер-гинекологы «Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро» ҚБ Атырау филиалы кеңсесінің жанына жиналды. Олардың айтуынша, олар қазір «нәрестенің өлімі ісі» бойынша сотталып жатқан әріптестерін қолдап шыққан, деп жазады АқЖайық.

Ақ халаттылар айыптау тарапы сұраған жазаның шектен тыс қатал екенін айтып отыр. Ал кейбірі сотталушыларды кінәсіз деп санайды.
"Біз өзіміз сот залында болған жоқпыз, бірақ сот процесіне 7 айдан бері қатысып жүрген қорғаушылардың айтуынша, сот біржақты өтіп жатыр екен. Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды да бақылап отырамыз. Ол жерде адам өлтіру ниеті болмағанына сенімдіміз. Иә, мүмкін, кәсіби деңгейде тиісті көмек көрсетілмеген болар. Мұны "алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының адам өлтіруі" деп емес, "салғырттық" деп қарау керек. Біз көп жыл бірге жұмыс істедік, әріптестеріміздің мұндай қылмысқа бара алатынына сенбейміз", - дейді қалалық перинаталды орталықтың акушер-гинекологы Меруерт


Ол айыпталушылар көптеген ана мен баланың өмірін сақтап қалғанын тілге тиек етіп, бұл жақсылықтары неге ескерілмейтінін сұрады.


"Иә, кейде арашалап қалу мүмкін емес, бірақ ауруханадағы болған әр өлім үшін дәрігерлерді 17-20 жылға түрмеге отырғыза берсе, онда денсаулық сақтау саласында кім қалады, медициналық жоғары оқу орындарына кім оқуға түскісі келеді? Адамдарды емдейтін ешкім қалмайды ғой. Сондықтан біз әріптестерімізді қолдауға келдік және сот әділ шешім шығарады деп күтеміз", - дейді Меруерт Айдарханова.


Осы орайда басылым тілшісі Меруерт Айдархановадан сот біржақты өтіп жатыр деген қорытындыға қалай келгенін сұрады.


"Дәрігерлерді қорғаушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларында айыптаушы тараптың дәлелдері талданған пост шықты, олардың бәрі дәлелмен теріске шығарылып отыр", - деді ол.


Сонымен қатар №4 қалалық емхананың акушер-гинекологы Жұлдыз Ахметова да істі қарау кезінде дәрігерлердің еңбегін ескеру керек деп санайды.


"Олар адам өмірін арашалады. Егер әр дәрігерді қателігі үшін осылай қатал жазаласа, халықты кім емдейді?", - деп ашынды ол.

Облыстық перинаталды орталықтың акушер-гинекологы Нұрлан Жұбанышевтың сөзінше, қазіргі сот процесі акушер-гинекологтарға қатысты жағымсыз пікірлер туғызған. Ал мұндай жағдайда жұмыс істеу өте қиын, дейді ол.


"Сот басталғалы БАҚ-та тек жағымсыз жақтары жазылды. Олардың мақсаты қандай екенін білмеймін - халықты дәрігерлерге қарсы қою ма, әлде сенімсіздік туғызу ма? Біз әріптестеріміз үшін уайымдаймыз және болашағымыз үшін алаңдаймыз", - дейді Нұрлан Жұбанышев.


Еске сала кетсек, Атырау облысы перинаталды орталығының басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деп айыпталып жатқаны өткен жылы хабарланған еді.