Еңбек қауіпсіздігін сақтамаған 119 лауазымды тұлға қызметінен босатылды

0
336

Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 1094 материал жіберілді, олар бойынша 192 қылмыстық іс қозғалды.


Еңбек қауіпсіздігін сақтамаған 119 лауазымды тұлға қызметінен босатылды

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 30% - дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бұзушылықтардың 2771 фактісін анықтады.

Жазатайым оқиғалардың себептері әртүрлі, олар жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген көзқарасынан туындайды.

"2022 жылдың қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 119 лауазымды адам атқаратын лауазымынан босатылды. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 1094 материал жіберілді, олар бойынша 192 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында жұмыс орындарында 7061 өндірістік объектіні аттестаттау өткізілді", – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.

Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3211 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 7061 өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізілді.

2019 жылдан бастап "Нөлдік жарақат – Vision Zero" тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда оған 425 кәсіпорын қосылды.

"Министрлік алдына зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отыр. Осы мақсатта 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады, онда: өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру; өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру; зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлерге кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу көзделеді. Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20-ға дейін төмендету; зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің үлес салмағын 20% - ға дейін қысқарту күтілуде", – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.