​Енді балаларды емханаға онлайн режимінде тіркеуге болады

0
1 292

Онлайн-қызмет 2007 жылға дейін туған балаларға көрсетілмейді.


​Енді балаларды емханаға онлайн режимінде тіркеуге болады

ERNUR.KZ. Электронды үкімет порталы мен egov.kz Telegram-ботында балаларды емханаға тіркеу қызметі іске қосылды, деп жазады 24.kz.

Қызметті әзірлеген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлауынша, ол үшін пайдаланушы egov.kz порталына тіркеліп, электронды цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті. Тағы бір айта кетерлігі, онлайн-қызмет 2007 жылға дейін туған балаларға көрсетілмейді.

Қызметті пайдалану үшін алдымен порталдағы «Денсаулық сақтау» бөліміне кіреміз. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу» қызметін таңдап, балаға қызмет көрсету опциясын басамыз.

Содан соң жүйе баланың ЖСН енгізуді сұрайды. ЖСН негізінде туыстық байланыстарды анықтау үшін АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сауал жолдайды. Бұл көп уақыт алмайды. Процесс аяқталғаннан кейін сіз онлайн-өтінімге тұратын аймағы, медицина ұйымы, тіркеу себебі, учаскелік дәрігер деген сынды тағы да басқа мәліметтерді толтыруға мүмкіндік аласыз.

Көрсетілген қызметтің нәтижесі өтініш жолдаушының порталдағы жеке кабинетіне жолданады. Қызмет көрсету мерзімі бір жұмыс күнінен аспауы тиіс. Аталған қызметті Telegram Bot арқылы алу үшін https://t.me/EgovKzBot сілтемесін пайдалануға болады. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркеу» қызметін басып, чаттағы тиісті батырмаларды басу қажет. Қызметті бот арқылы алу үшін оған жазылу шарт (чаттағы «Start» батырмасын басып, ұялы телефон нөмірін пайдалануға рұқсат ету).

Естеріңізге сала кетсек, тіркеу науқанының алғашқы айында Алматының 16 мыңға жуық тұрғыны емхана таңдау құқығын пайдаланған. Жыл сайынғы дәстүрлі кампания 15 қарашада аяқталады, деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ баспасөз қызметі.