Ерболат Досаев науқастардан АИТВ анықталуына байланысты пікір білдірді

0
460

Алматы орталық клиникалық ауруханасында жатқан үш науқастан АИТВ анықталған болатын.


Ерболат Досаев науқастардан АИТВ анықталуына байланысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2021-2022 жылдары АИТВ жұқтынғандар саны артқанын мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Сіз басшылық еткен жылдары екінші рет ВИЧ жұқтыру оқиғасы тіркелді. Қандай да бір жауапкершілік сезінесіз бе?» - деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

«17 жыл өтсе де менің жауапкершілігіме қатысты сұрақтар әлі қойылады. Мен 2006 жылы сала басшысы ретінде өз жауапкершілігімді түсінгенмін, өзімді жауапты адам ретінде көрсеттім деп те ойлайдым. Шымкенттегі жағдайды да сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігі анықтаған еді, мұндағы мәселелер жөнінде де хабардармыз. Жұмыс жалғасып жатыр, осы жылдары қадағалау айтарлықтай күшейтілді. Сондықтан, регламентке сәйкес, реанимацияда көмек көрсетілген соң 30 күннен кейін барлығы тиісті тест тапсырады. Сонда екі адам анықталды, одан кейін 2-13 маусым күндері қалалық ЖИТС орталығымен барлық қажетті жұмыстарды жүргіздік және тағы бір жағдайды анықтадық», - деді Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, қазір барлық материал ҚР ДСМ Алматы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне берілді. Сонымен қатар, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қосылды, комиссия жұмыс істеп жатыр.

Сонымен бірге, қала әкімі 2021-2022 жылдары АИТВ жұқтынғандар саны артқанын айтты.

«Олардың 82%-інде жыныстық жолмен жұқтыру тіркелген, қалғаны – ТЖ және есірткі заттарын тұтынудан болған. Сондықтан, бұл клиникаға келді ме, әлде клиникадан жұқты ма, оны комиссия анықтап жатыр. Мәселе клиника басшылығын жұмыстан шеттету мен шығаруда емес, барлығы жұмыс орнында өз жауапкершілігін арқалауы керек. Комиссия қорытындысы бойынша, барлық қажетті шешім қабылданады», - деді Ерболат Досаев.

Еске сала кетейік, Алматы орталық клиникалық ауруханасында жатқан үш науқастан АИТВ анықталған болатын.

Денсаулық сақтау министрлігі АИТВ жұқтырған үш науқаспен байланыста болған 593 адам тексеріліп жатқанын мәлімдеген еді.