"Еркекті О дүниеде 72 хор қызы күтеді": Дінтанушы ғалымдар желіде тараған видеоға пікір білдірді

0
635

Қазнетте белгісіз әйелдің 72 хор қызы туралы уағызы қызу талқыланып жатыр.


ERNUR.KZ. Интернеттің қазақстандық сегментінде орамалға оранған белгісіз келіншектің хор қыздары туралы әйелдерге айтып отырған әңгімесі қызу талқыға түсіп, мессенджерлер арқылы белсенді таралып жатыр. Осы сарындағы видео-уағыздар бұған дейін де бірнеше рет шығып, қоғам пікірін екіге жарған еді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Аталған мәселеге қатысты ҚМБД-ның ғана емес, дінтанушы ғалымдар пікір білдірді.
ҚМДБ жеке тұлғалардың əлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған аудио жəне видеоматериалдарға бақылау жасауға құқықтық өкілеттігі жоқ екенін мәлімдей отырып, 4900 және 72 хор қызы деген ақпараттар бұрмаланғанын айтты.

«Жәннатта әр еркекке 4900 әйел, 72 хор қызы беріледі деген сөздің негізі жоқ. Бұл жөнінде сахих хадистер келмеген. Имам Бухаридың сахих жинағындағы Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте «әрбір жәннат иесіне екі хор қызы беріледі» делінген (Ибн Хажар әл-Асқалани. Фәтху әл-Бәри шарху сахихи әл-Бухари. «Жаратылыстың басталуы» кітабы, «Жәннаттың сипаты және оның жаратылғандығы туралы» бабы, №3245. – Бейрут: әл-Мактабәту әл-асрия, 2007. – Т.5. – 3833 б.). Алайда, бұл хадисте бірнеше әйел алса жәннат иесіне тиеслі хор қыздарының саны артады деген мағына шықпайды. Аталған мәліметтер соны айтушылар тарапынан бұрмаланған», - деп мәлім етті ҚМБД баспасөз қызметі.


Хор қыздарының ләззаттандыру идеологиясы туралы

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышқанұлы аталған хадисті тура мағынасында түсінбеу қажеттігін және жұмаққа барғысы келетін адамның құндылығы физикалық ләззаттан жоғары тұруы керегін дейді.
«Жұмақта хор қызына үйлену деген материалдық қанағаттанушылық. Ал, құмарлықтың өзін жұмақта қарастыру қаншалықты дұрыс? Өйткені тойымсыздық, нәпсіқұмарлық деген бұл дүниеге тән сипат. «Жұмақта жар құшып, сүймек» дегеннің дұрыс еместігін Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз да айтқан. Жәннаттың позициясы «бәрі бар» деген мағынада болғандықтан, адамдарға бұл жағы қызықтау болуы мүмкін. Сондай-ақ, ол жерде еркектер ғана жарылқауға ие деген нәрсе жоқ, Құранда әйелдерге қызмет ететін – ғилмандардың (хор жігіттері) бар екені айтылады.
О дүниеге барғанда әйелдердің позициясы еркектерден төмен болады десе, оның несі жәннат болды?! Құмарлықтың қай түрі болса, жәнаттан табылады деген позицияны материалдандырып, ләззаттандырып, идеологиялық рахатқа қарай итермеулеу деген нәрсе пендешілік көзқарастан туындаған мәселе деп ойлаймын. Жәннатқа баратындай рухани деңгей болса, оны нәпсісін қандыру тұрғысынан қабылдау дұрыс емес. Ислам этикасының өзінде мұндай мәселелер бар. Жат ағымдық көзқарастағылар үшін бұл да бір өзіндік манипулация болуы мүмкін. Мұндай мәселелерге көңіл бөліп, қоғамдық резонанс тудырудың қажеті жоқ. Бұл осыны айтқан адамның деңгейі ғана. Қазір үшінші-төртінші әйел болуға тәрбиелеп жатқан институттар бар. Бірақ бұған бола «осы дұрыс екен» деп қабылдауға болмайды және оны діннің, діндарлардың көзқарасы ретінде жалпылама қабылдау дұрыс емес. Не нәрсенің болсын тереңіне үңіліп, теологиялық, діни, рухани қырларынан қарау керекпіз», - деді ғалым.

Жұмақта ерлер мен әйелдер ақысы тең бе?

Ал дінтанушы Балғабек Мырзаев Құран аяттары мен хадистерде хор қыздары туралы ғана емес, хор жігіттері жайлы да айтылған дейді.
«Құран Кәрімнің «Уақиға» сүресінде «Расында, Біз Хор қыздарын жараттық. Кейін оларды оң жақ иелері үшін бір-біріне тең, құмарлы да құштарлы еркек көрмеген қыздар етіп қойдық» -деген аят бар. «Рахман» сүресінде «...Онда көздерін сақтаушы қыздар бар, оларға алдын ешбір адам және жын жақындаған емес. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Олар шатырларда сақтаулы хор қыздар» - деп, сипатталады. Сонымен қатар, хадистерде де хор қыздары туралы көптеп баяндалады.
«Жұмақтың нығметі тек еркектер үшін ғана емес, әйелдер үшін де теңдей дәрежеде екенін ұмытпауымыз керек. Өкінішке қарай, қоғамымыз еркек пен әйелдің жауапкершілігі мен міндеттерін әлі де толық бере алмай отыр. Әйел мен еркектің құқығы бірдей қорғалуы керек және ақылары да әділ берілуі тиіс. Құран Кәрімнің 72-ші аятында «Алла мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мәңлілік қалатын бақшалар және ғадын жәннатында көркем орындар уәде етті...» - деп жұмақ пен жұмақтағы нығметтер еркектер мен әйелдер үшін ортақ екенін көрсетіп отыр. Кейбір дін ғұламалары Тур сүресінің 24-ші аятындағы «Оларға сәдептегі інжу тәрізді ғилмандар (жастар) айналып, қызмет етеді» - дегенді әйелдерге қызмет көрсететін жұмақ жастары деп түсіндіреді. Алайда, мұны ешкімнің айтқысы келмейді. Мен бұл жерде еркектердің орнын төмендету үшін емес, қоғамдағы әділдік теңдей болуы керек екеніне назар аударғым келеді. Сондықтан, ерлер қауымы ең алдымен хор қыздары және олардың саны туралы емес, осы дүниедегі рухани дүниесінің кемел болуына мән бергені абзал. Алла тағаланы дұрыс таныған адам осы дүниеде жамандықтан тыйылып, жақсылық жасауға ұмтылады. Және ол жақсылықтың мақсаты – жұмаққа түсіп, хор қыздарын құшу болмауы тиіс», - деді Балғабек Мырзаев.
Ғалымның пікірінше, мұндай тақырыптар мұсылман қоғамын сыни ойлаудан алшақтатып, адамдарды жат ағымның құрбанына айналдыруы мүмкін.

«Мұндай тақырыптардың бүгінгі қоғамға пайдасы шамалы. Мұсылман емес елдер білім мен ғылымды игеріп, әлемді билеп отырғанда, мұсылманмын дегендердің хор қыздары туралы уағызды аузының суы құрып тыңдауы бізді алысқа апармайды. Әрине әртүрлі жағдайға байланысты қажеттілік болып (ұрпақты жалғастыру, соғыс жағдайлары, т.б.) екі немесе үш әйел алғандар болуы мүмкін, бірақ бұл жаппай ашық насихатталатын тақырып емес деп ойлаймын. Бір кездері осындай үрдіс теріс ағымды насихаттаушылар арасында кеңінен өріс алып, отбасылық құндылықтардың жойылуына, жауапкершілікті сезінбеген еркектердің үйлене салып артынша талақ айтып, бірінен соң біріне қосылуына әсер еткен еді. Яғни, бұл ислам атын жамылған нәпсіқұмарлардың өздерінің теріс әрекеттерін дінмен байланыстырып, дұрыс деп көрсетуге тырысқандары деуге болады. Сондықтан мұндай уағыздарды таратудың адын алу үшін тиісті шаралар қабылдау қажет деп ойлаймын», - деді ол.