Ерлан Қошанов Мәжіліс сессиясын қорытындылады

0
436

Оның айтуынша, депутаттар азаматтардың сайлау науқаны кезінде айтылған барлық талап-тілегін ескерді.


Ерлан Қошанов Мәжіліс сессиясын қорытындылады

ERNUR.KZ. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясындағы палатаның жұмысын қорытындылады, деп жазады inform.kz.

«Бүгін Мәжілістің бірінші сессиядағы қорытынды жалпы отырысын өткізіп жатырмыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сессияның ашылуында Мәжілістегі әр фракцияға бірқатар міндет жүктеген болатын. Фракциялар, бір мандатты округтен сайланған депутаттар осы міндеттерді орындауға атсалысып келе жатыр. Болашақта да жұмыс қарқынды жалғасады деп ойлаймын. Бұл сессия қысқа болғанымен, өте маңызды әрі мазмұнды өтті деп айта аламыз. Осы жолғы сайланымның бір ерекшелігі – депутаттар көптеген маңызды заң жобасына бастамашы болды. Тұтастай алғанда, бұл сессияда 31 заң қабылдадық, олардың үштен біріне депутаттар бастамашы болды», - деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, депутаттар азаматтардың сайлау науқаны кезінде айтылған барлық талап-тілегін ескерді.

«Мәжілістің өкілеттігі күшейтілгенін білесіздер. Соның аясында алғаш рет Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдадық. Депутаттардың белсендігін көрсететін тағы бір мәселе – ол депутаттық сауалдар. Осы сессияда әр жалпы отырыста орта есеппен 30-ға дейін депутаттық сауал жарияланып отырды. Оның әрқайсысында елдегі түйткілді мәселелер, соның арасында әр адам мен отбасының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған маңызды мәселелер көтерілді. Әр мәселенің шешілуі біздің ерекше назарымызда болады», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының жалпы отырыстарды еліміздің басты телеарналарында тікелей эфирде көрсету туралы бастамасы жұртшылық жағынан жақсы қабылданып жатқанын айтты.

«Барлық деңгейдегі отырыстар, талқылаулар БАҚ өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен барынша ашық ұйымдастырылып жатыр. Осы сессияда қоғамдық палатаның жұмысы да белсенді басталды. Сөйтіп, халықты толғандырған заң жобалары палата отырыстарында қоғамдық сараптамадан өтіп жатыр», - деді Ерлан Қошанов.

«Осы сессия аяқталып қалды. Алда өңірлерге сапарлар, халықпен кездесулер күтіп тұр. Барлық өңірде, шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерде кездесу өткізуге тиіспіз. Басты мақсатымыз – елдің ортасында болып, түйткілдерді шешуге көмектесу, өңірлермен байланысты нығайту. Жазда атқарылған жұмыс келесі сессияға оң әсерін тигізеді деп санаймын», - деді палата төрағасы.

Еске салсақ, биыл 29 наурызда VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы ашылды.