Ертеңнен бастап карантин режимін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады – полиция

0
881

Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді.


Ертеңнен бастап карантин режимін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады – полиция

ERNUR.KZ. Алматылық полицейлер ертеңнен бастап карантин режимін бұзған тұрғындарды әкімшілік жауапкершілікке тарта бастайды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал бүгін себепсіз сыртқа шыққан азаматтарға тек ескерту беріледі. Бұған қоса көшеде үй жануарларын серуендетіп жүрген азаматтар да жауапқа тартылады. Карантин уақытында тәртіп сақшылары халықты мейлінше үйде отыруға шақырды.

«Тек азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу кезінде және медициналық мекемеге жедел бару кезінде ғана үйден шығу ұсынылады. Азаматтардың көптеп жиналуына жол берілмейді. Егер бұл талаптар ескерілмесе, құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 473 бабына (қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын адамдардың заңды талабына бағынбау) сәйкес және 476 бапқа (Төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады», – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.

Ал қызмет істейтін азаматтарда жұмыс орнынан алынған анықтаманың болуы тексеріледі. 65 жастан асқан адамдарға үйде болуға кеңес беріледі. Осы мақсатта карантиндік шараларды күшейту үшін 26 полиция бекеті ұйымдастырылған. Төтенше жағдайдың режимін қасақана бұзатын автокөлік иелері еліміздің әкімшілік кодексінің 785-бабына сәйкес айыппұл тұрағына жөнелтіледі. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары балаларын қараусыз қалдырған ата-аналарға да айыппұл салынатынын айтты.

«Көшеде үлкен адамның қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарға ерекше назар аударылады. Егер мұндай кәмелетке толмағандар анықталса, олардың ата-аналары немесе қамқоршылары ҚР ӘҚбК-нің 476-бабына (Төтенше жағдай режимін бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.