Грантқа құжат қабылдау түнгі уақыттарда да жүргізіледі – министрлік

0
1 122

Ертеңнен бастап Еgov.kz порталы арқылы грантқа құжат қабылдау басталады.


Грантқа құжат қабылдау түнгі уақыттарда да жүргізіледі – министрлік

ERNUR.KZ. Талапкерлерден грантқа құжат қабылдау түнгі уақыттарда да жүргізіледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Сапарқожаев айтты.

«Талапкерлерден грантқа құжат қабылдау түнгі уақыттарда да жүргізіледі. Дегенмен мына мәселеге тоқталғым келеді: Егер адамдардың барлығы түнгі уақытты таңдап, жаппай құжат тапсырса, онда порталдың жүктемесі көбейеді. Тиісінше, ақау шығуы ықтимал. Жүктеме артып кетсе, онда портал барлық құжатты қабылдай алмайды. Сондықтан біз талапкерлерге мынаны айтқымыз келеді: Құжат тапсыру кезінде ол көп жүтеліп жатса, онда қайта-қайта тапсыра берудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайлар бізде болды. Онда бір талапкер күтпей, бетті бірнеше рет ашып, жүктей берген» - деп мәлім етті Нұрбек Сапарқожаев тілші сауалына жауап бере отырып.

Егер талапкер құжатты қайта-қайта жүктеп, бірнеше рет өтініш берген болса, онда конкурстық комиссия құжаттардың ең соңғы немесе толық ақпарат көрсетілген нұсқасын іріктеп алады.

Айта кетейік, ертеңнен бастап Еgov.kz порталы арқылы грантқа құжат қабылдау басталады. Нұрбек Сапарқожаевтың айтуынша, грант өтініш беру 13-20 шілде аралығында жүреді.

Еске салайық, бұған дейін грантқа түсуге қанша балл жеткілікті саналатыны туралы жазып едік.

Қоса кетсек, биыл бакалавриатқа 73 мыңнан аса грант бөлініп отыр.