Қайрат Жолдыбай: Жас жігітті зорлау оқиғасына мешіттің еш қатысы жоқ

0
575

"Нұр Мүбарак" университеті арнайы лицензиясы бар күзет агенттігімен ақылы негізде келісімшартқа отырған, дейді мешіттің бас имамы.


Қайрат Жолдыбай: Жас жігітті зорлау оқиғасына мешіттің еш қатысы жоқ

ERNUR.KZ. "Нұр Мүбәрак" мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы мешіт қарауылы 18 жастағы жігітті зорлады деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы ақпараттан кейін әлеуметтік желілерде мешіт қызметкерлерін кіналайтын түрлі теріс пікірлер тарап кетті. Осыған байланысты істің анық-қанығын ашып айтуды жөн санадым. Біріншіден, бала зорлады деген факті әлі нақтыланған жоқ. Екіншіден, бұл оқиғаның "Нұр-Мүбарак" университетімен, мешітімен және жатақханамен тікелей қатысы жоқ екенін айтқым келеді. Себебі аталған ғимараттар 6 гектар жерде орналасқан, осындай үлкен аумақты күзету үшін "Нұр Мүбарак" университеті арнайы лицензиясы бар күзет агенттігімен ақылы негізде келісімшартқа отырған. Сондықтан осы аумақты күзету ісі аталған агенттіктің мойнында», - дейді ол.

Оның айтуынша, оқиға болған жағдайдың өзінде де жауапкершілік осы компания қызметкерлерінің мойнында болады.

«Сондықтан бұл мәселеге қатысты мешітті, оның қызметкерлерін кіналау, олар жайлы теріс пікір жазу, ақпарат тарату орынсыз деп санаймын», - дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Еске салайық, Алматының Бостандық ауданында орналасқан "Нұр-Мүбарак" мешітінің күзетшісі 18 жастағы жігітті зорлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы адвокат Айман Омарова Facebook-те хабарлады.

"Мен Бостандық ауданының полиция басқармасында жүрмін. Біз есеңгіреп қалдық. Мұнда күзетші жыныстық зорлық көрсеткен бозбала мен оның анасы келді. Бұл жағдай "Нұр-Мүбарак" мешітінде болған. Жігіт 18 жаста, оның дамуында сәл-сәл кідіріс бар, алайда ол қабілетті және не болғанын бүге-шігесіне дейін айтып берді", - дейді Омарова.