​Қарағандыда қоқыс пакетінен табылған сәбиге қатысты тың мәлімет жарияланды

0
543

Қарағандыда қоқыс пакетінен табылған сәбиді анасы даладағы ағын суға тастаған болуы мүмкін.


​Қарағандыда қоқыс пакетінен табылған сәбиге қатысты тың мәлімет жарияланды

иллюстрациялық фото

Куәгерлердің болжауынша, жаңа туған нәрестенің денесі гараж маңына қар суымен ағып келуі ғажап емес, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Арада екі күн өтсе де пакет жатқан маңайдан күдікті әйел табылмаған. Полиция көкек ананы әлі іздеп жатыр. Пакеттегі сәбидің денесінен ешбір зорлық- зомбылық белгілері байқалмаған. Тұрғындар европалық нәсілдегі балпанақтай ұл баланың жаңа ғана дүниеге келгенін кесілген кіндігінен-ақ анық білген. Қара пакетті Еленаның ұлы кешкісін өз гаражының бұрышынан тауып алған. Шошығанынан жақындары мен полицияны қоса шақырады. Әйелдің айтуынша, бұл маңайда күдікке ілінерлік ешкім жоқ. Жалпы куәгерлер қорқынышты пакет бұл маңайға қар суымен ағып келуі мүмкін, - деп болжайды.

Олардың ойынша нәрестені анасы даладағы ағын суға лақтырып жіберуі мүмкін.

"Ымырт жабылған кез болатын. Ұлым гаражға келгенде пакетті көріп ашып қалған. Тыр жалаңаш баланы көргенде шошып кетіпті. Дереу полицияға хабарластық. Бұл маңайдан біреу тастады деп ойламаймын", дейді куәгер Елена.

Әп-сәтте жедел жәрдем де жеткен. Алайда сәбиді құтқару мүмкін болмаған. Шетінеп кетіпті.

"Бүкіл ықшам ауданның суы осы жерге құйылады. Баланың денесі сол қар суымен ағып келуі мүмкін. Оның үстіне пакеттың аузы мұқият жабылған болды. Сәбиін тастаған адам сау емес, психикалық сырқат деп ойлаймын. Жануардың өзі күшігін өлтірмейді ғой", дейді куәгердің бірі Виктор.

Полиция екі күнен бері көкек ананы іздеп жатыр. Бірақ әлі таппады.

"Аталған факт бойынша ҚР ҚК- нің 100- інші бабы, яғни «жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде", - дейді Қарағанды облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.