Қазақстан әнұранын «рэпке» айналдырған TikTok-тағы видео тексеріледі - министрлік

0
989

Видеохостингте қатты өзгеріске ұшыраған Қазақстан әнұранына қатысты тиісті министрлік өкілі жауап берді.


Қазақстан әнұранын «рэпке» айналдырған TikTok-тағы видео тексеріледі - министрлік

фото: кадрдан скринделген

ERNUR.KZ. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңының 9-шы бабы, 4-ші тармақшасында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтіні мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға болмайды» деп анық жазылған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Вирусты видео TikTok видеохостингінің көмегімен жасалған. Қазір ол Instagram әлеуметтік желісінің Қазақстандағы контенті бойынша танымал пабликтердің бірінде таралып жатыр.

Azattyq Rýhy мемлекеттік рәміздер жөніндегі уәкілетті органның мамандарына хабарласып, бұл видеоға түскен азаматтарға немесе әнұранды монтаждауға жол берген хостинг әкімшілігіне қатысты жаза қолданыла ма деген сұрақты жолдаған.

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті құқықтық және геральдикалық қызмет басқармасының бас сарапшысы Шыңғыс Егембердиев «егер мемлекеттік әнұранға құрмет көрсетпегені дәлелденсе, роликті желіден жоюға болады» дейді.


Шыңғыс Егембердиевтің айтуынша, осы фактіде тексеру жүргізуге тартылатын Цифрлық даму министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, құқық қорғау органдарына хат жазып, тексеру жүргізуге болады.

«Уәкілетті органдарға хат жазып, желіден алу керек. Сараптап, құқықтық баға беріп, оларға (роликке түскен азаматтарға – авт.) әкімшілік жаза қолдану керек. Халықаралық деңгейде болса да, бәрінің шығатын жолы бар. Кез келген елдің Қазақстанда өкілеттілігі бар, солар арқылы анықтап, роликті желіден алдыруға болады. Біз бейнежазбаны зерттеп көрейік», - дейді Шыңғыс Егембердиев.

TikTok дегеніміз – қысқа видеолар түсіруге арналған халықаралық видеохостинг. Хостингтің Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Дубай, Мумбаи, Джакарта, Сеул және Токио қалаларында бөлімшелері бар.

Ал, Қазақстан әнұранына қатысты қысқа роликте бірнеше адам оң қолымен кеуденің сол жағын ұстап, гимнді орындай бастайды да, бірнеше секундтан кейін басқаша кейіпке еніп, әнұранды рэпке айналдырып, соңы биге ұласады. Ролик соңында Қазақстан әнұраны қалай монтаждалғаны да көрсетілген.