Қазақстан экономикасы 4,2%-ке өсті

0
404

Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсеткен.


Қазақстан экономикасы 4,2%-ке өсті

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,2%-ке өсті. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Биылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 4,2%-ті құрап, қаңтардағы 3,9%-ке қарағанда жеделдеді. Нақты секторда оң динамика байқалып отыр. Нақты сектор – 5,1%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ке өсті", - деді Байбазаров үкімет отырысында.

Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсеткен.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,9%-ке артты. Өңірлер арасында ең жоғары өсім Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды. Бұл ретте, Ақмола, Атырау және Маңғыстау облыстарында инвестиция көлемі төмендеген.
"Алдын ала қорытынды бойынша осы жылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 10 млрд доллардан асты. Экспорт 6 млрд долларға жуықтады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 1,6 млрд доллар. Тауарлар импорты 4 млрд доллардан асты. Жалпы, оң сауда балансы 1,7 млрд долларды құрады", - деді министр.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде де өсім қарқыны жеделдеген. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 23%-ке, оның ішінде автомобиль жасау – 21%-ке және электр жабдықтарын жасау – 45%-ке өсті.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,9%-ке жоғарылады. Бұл ретте металл кендерін өндіру – 7,2%-ке, газ өндіру – 1,2%-ке, мұнай өндіру – 0,4%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 2,9%-ке өсті. Ал көмір өндіру – 4,1%-ке төмендеді.
Байбазаров құрылыс саласында да өсімнің жоғары қарқыны сақталғанын атап өтті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7%-ке ұлғайған.
"Биыл қаңтар-ақпанда 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 3,4%-ке төмен. Баспананы пайдалануға берудің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды", - деді вице-премьер.
Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында және Астана қаласында тіркелді.