Қазақстанда электр энергиясы тапшы: бірнеше өңірде «апаттық» режим жарияланды

0
423

Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Жамбыл облысының Қордай ауданында электр энергиясының тапшылығы проблемасын көтерді.


Қазақстанда электр энергиясы тапшы: бірнеше өңірде «апаттық» режим жарияланды

ERNUR.KZ. 2022 жылғы 7 желтоқсанда қазақстандық энергожүйе тарихындағы тұтынудың ең жоғары көрсеткіші тіркелді, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұл туралы KEGOC компаниясының мәлім етті.

«Электр қуатын пайдаланудың ең жоғарғы көрсеткіші – 16 459 МВт тіркелді, бұл ретте еліміздегі электр станцияларының жиынтық генерациясы тек 15 203 МВт құрады. Тапшылық Ресей энергожүйесінен келген жоспардан тыс қуат ағыны есебінен жабылып отырды», - дейді компания өкілдері.

Осындай жоғары жүктемелер кезінде «KEGOC» АҚ пайдаланатын Ұлттық электр торабы штаттық режимде сенімді жұмыс істеді.

«Электр энергиясы мен қуатқа деген қажеттілікті жабу үшін генерацияның жүйелі жетіспеушілігі ҚР электр станцияларында жиі апаттық және жоспардан тыс жөндеу салдарынан туындайды. Айтарлықтай теңгерімсіздік туындаған жағдайда Жүйелік оператор Қазақстан БЭЖ-нің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың электр энергиясын тұтынуына шектеу енгізе отырып, қазақстандық энергожүйенің Солтүстік, Оңтүстік, сондай-ақ Батыс аймағы бойынша «Апаттық» режимін жариялауға мәжбүр», - дейді мамандар.

Бұл ретте Жүйелік оператор халықтың электр энергиясына қажеттілігін толық қамтамасыз етуге басымдық береді.

Айта кетейік, Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Жамбыл облысының Қордай ауданында электр энергиясының тапшылығы проблемасын көтерді. Сенатордың мәліметінше, қазіргі уақытта Қордай ауданында электр энергиясының 90%-ы көрші Қырғыз Республикасынан жеткізіледі.