Қазақстанда көлік салығы болмауы мүмкін

0
902

Құжат 29 қыркүйекке дейін жария талқылуда болады.


Қазақстанда көлік салығы болмауы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанда 2025 жылы жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты көлік салығы болмауы мүмкін, деп жазады baq.kz.

2024 жылға арналған жаңа «Салық кодексі» жобасына Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген консультативтік құжат "Ашық НҚА" сайтында жарияланды. Қазіргі салық жүйесі мәселелерін шешуге арналған ұсыныстар қатарында көлік салығын қайта қарау мәселесі қарастырылған. Атап айтқанда, 2025 жылы ЕАЭО елдері шеңберінде мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығына көшу жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуіне әкелетіні айтылған. Нәтижесінде көлік құралдарына салынатын салықты, кәдеге жарату алымын, автокөлік құралдарын бастапқы тіркеу алымдарын ескере отырып, жеке тұлғалардың жолаушылар көлігіне жалпы шығындар артады.

Жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуіне байланысты (мысалы, 2 есе) азаматтардың көлік құралдарын иеленуге және пайдалануға арналған шығындары тиісінше өседі. Мұндай өсу әсіресе "эконом" класты көлікке ие адамдар үшін сезімтал болады, сәйкесінше олардың әлеуметтік және материалдық жағдайының нашарлауына жол бермеу шаралары қажет, - деп жазылған құжатта.

Бұл мәселені шешу шарасы ретінде қозғалтқыш көлемі жоғары автокөліктерге салықты сақтай отырып, көлік құралдарына салынатын салықты алып тастау ұсынылып отыр.

2022 жылы жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық түсімдері 70 миллиард теңге болған.

Құжатта салық төлеушілерге қатысты басқа да маңызды шаралар бар екенін айта кетейік. Мысалы, қосылған құн салығын (тауардың түпкілікті құнына кіретін) кезең-кезеңімен ұлғайту, сондай-ақ табыс көлеміне қарай жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу ұсынылып отыр.

Құжат 29 қыркүйекке дейін жария талқылуда болады.