Қазақстанда жарты миллион еркектің бәйбішесі мен тоқалы бар

0
459

19-ға толмаған 14 жігіт екі әйел алған.


Қазақстанда жарты миллион еркектің бәйбішесі мен тоқалы бар

Қазақстанда бәйбішесі мен тоқалдары бар еркектердің саны жарты миллионға жуықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Отбасылық дауларды шешу ісінде тәжірибесі бар маман, заңгер Ринат Қадыровтың түсіндіруінше, бүгінде Қазақстанда көп әйел алуға заңмен қатаң тыйым салынбаған, тек оған жол берілмейді.

Нақтылағанда, Неке және отбасы кодексінің 11-бабында бір жынысты адамдардың, жақын туыстардың, сондай-ақ біреуі басқа тіркелген некеде тұратын адамдардың арасында некелесуге, ерлі-зайыпты болуға жол берілмейді.

Мұсылман құқығы, шариғат бойынша бекітілген некені мемлекет мойындамайды, бірақ сол үшін қудаламайды. Нәтижесінде, құжат жүзінде болмағанымен, көп әйел алушылық қазақстандық қоғамда іс жүзінде бар, тіпті кейбір ортада дамып жатыр.

Заңгердің мәліметінше, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін күшінде болған қазақстандық Қылмыстық кодексте екі және одан көп әйел алушылық (двоеженство, многоженство) үшін біршама ауыр жаза қарастырылды. 107-бапқа сәйкес, тоқалшылдар екі жылға дейін сотталатын.

Бұл ретте заң бойынша еркек "көп әйел алушы" деп танылуы үшін олардың бәріне үйленуі міндетті емес: "некені ресми тіркеусіз, үй шаруашылығын бірлесе жүргізіп, екі немесе бірнеше әйелмен шын мәнінде бірге тұрса (сожительство)", қылмыстық қудалауға соның өзі жетіп жататын.

Алайда, 1998 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекске көп әйел алу үшін қылмыстық қудалау бабы кірмей қалды. Бұған ел басшылығындағы бірқатар тұлғалардың, депутаттардың осы мәселеге төл көзқарасының оң жаққа өзгеруі ықпал етіпті деседі. Қалай болғанда, содан бері Қазақстанда көп әйел алушылық үшін қылмыстық жазалау жойылды.

Салдарынан, егер бұған дейін осы қоғамдық құбылыс дәстүрлі түрде негізінен оңтүстік өңірлерде таралып келсе, содан бері оған өзге өңірлеріміздің ер кіндікті азаматтары да бой ұра бастады.

Осы орайда Ұлттық статистика бюросы сенсациялық, селт еткізер жаңалықты жариялады. Қазақстанда 19 жасқа дейін екі әйел алып үлгерген 14 жігіт бар болып шықты. Оның тең жартысы, жетеуі – қалалық, қалған жетеуі – ауыл тұрғыны.

Тұтастай алғанда, республикада 2 және одан көп әйелі бар еркектердің саны 406 078 адамды құрады. Бұл 2021 жылғы соңғы жалпыхалықтық санақ қорытындыларын шығарған кезде, енді ғана анықталды.

Бұл құбылыс әсіресе, орда бұзар 35-39 жастағы жігітерге көбірек тән көрінеді (78 108 адам). Бұлардан 30-34 жас аралығындағы құрдастары да қалысар емес (65 384 адам). 40-44 жастағы 64 172 еркек бірнеше жұбайы барын жасырмаған.

Сөйтіп, "ер адам есейген сайын тоқалшыл болады" деген сияқты тәмсілдерді тәжірибе мен статистика растамай отыр.

Зейнеткерлік жастағы, яғни жасы 63-тен асқан ер адамдардың тек 48 531-і ғана екі және одан көп әйел иемденген.

Мысалы, 80 жас және одан кәрі қазақстандықтардың 1 932-сінің ғана көп әйелінің болғаны тіркелді.

Әлеуметтік желіде: "ауылдағылардың әйел алудан басқа ермегі жоқ" деген әзіл пікірді оқуға болады. Мұндай ауандағы әңгімелер телеарналардағы бағдарламаларда да айтылып қалады. Санақ мұны да жоққа шығарып отыр. Көп әйелі бар ерлердің басым көпшілігі – 260 061-і қалада тұрады. Тек 146 017-сі – ауылдық.

Қалалықтар арасында әйелін ауыстыруға көбіне 35-39 жастағылар құмар келеді екен (49 675 адам). Бұлардың тұяғын 30-34 жастағылар басуда (44 845 адам).

Ауылдағы үрдіс шамалы өзгешеленеді. Бірінші орынды 35-39 жастағылар шаппай алды (28 433 еркек). "Махаббатшылдықтың" екінші тұғырына 40-44 жастағылар көтерілді (27 239 еркек).

Мұны қалалықтардың ауылдықтарға қарағанда көбірек табыс табуымен де түсіндіруге болады. Екі және одан көп отбасыны, балаларды асырау үшін әл-ауқат керек. Өйткені тіпті бірінші не екінші отбасыдан кетіп қалғанның өзінде алимент төлеуден оны заң босатпайды.

Мақаланың толық нұсқасы мына жерде...