Қазақстандық жастардың озық жобаларына АҚШ пен Еуропа елдерінде сұраныс көп

0
1 011

Жоба мақсаты - біздің ауылшарушылық өнімдеріне космостан бақылау жүргізу. Яғни космос аппараттар суретке түсіріп, жер бедерін өңдеп, соңғы пайдаланушыға оның вегитациясы, ылғалдығы бойынша және өсімдіктің статусы бойынша мәліметтер алады.


Қазақстандық жастардың озық жобаларына АҚШ пен Еуропа елдерінде сұраныс көп

ERNUR.KZ. Серпінді жобалар - қарқынды дамудың кепілі. Елімізде осындай ілкімді жоба жасаушылар жеке компаниялар құрып, бәсеке нарығына шығып жатыр, деп жазады Хабар 24.

Өткен жылы 70-ке жуық компания «Startup Kazakhstan» халықаралық акселерация бағдарламасының екінші кезеңіне өтті.

Өндірісті цифрландыру, қаржы технологиялары мен электронды сауда. Жеті жыл бұрын бұлардың барлығы баяу дамып келе жатқан салалар еді. Ал бүгінде инвесторларды тартатын әрі кез келген ірі корпорациялардың қызығушылығын арттыратын негізгі құрал саналады. Ұтымды әрі тың бастамалар үшін инвесторлар қомақты қаржы бөлуге әзір. Қазірдің өзінде бастамашыл, талапты жастардың озық ойларына Еуразиялық экономикалық аймақта, АҚШ пен Еуропа елдерінде сұраныс көп.

Санжар Кеттебеков, «Almaty Techgarden» бас директоры: - Анығын айтқанда, 10 стартап-жобаның тек бірі ғана қолдау табады деп ойлағанбыз. Алайда қазір серпінді жобалардың басым бөлігі өміршең деп танылады. Олар белгілі бір салаға енгізіліп, дамып келеді. Сол арқылы жеке компанияның өсімі де жылына 200-300% жетіп отырғанын көреміз. Сөйтіп, олардың бағасы артатындығы қуантады.

Қазақстандағы экология мен қоршаған ортаның тазалығы өзекті мәселе. Бұл жөнінде жас инженерлердің өз ойлары мен ұсыныстары бар. Озық технологияға негізделген құралдар атмосфераның ластануын өлшейді. Сонымен бірге салынып жатқан энергокешендердің жобаларын бағалап, ірі өндіріс орындарының экологиялық қауіпсіздігін анықтай алады. Нұрлан Дайыров, экологиялық стартап-жоба авторларының бірі: - Экологиялық кешенде бірнеше модуль бар. Яғни модуль – аудит. Соның көмегімен біз кәсіпорынның экологияға келтірер зиянын біле аламыз. Мысалы, өндіріс қуатын арттырып, өнім көлемін ұлғайтқан жағдайда ол ауа тазалығына қалай әсер ететінін тексеруге болады.

Жасыл экономика мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда жастар жағы белсінділік танытып келеді. Мысалы арнайы бағдарлама жүйесі бар мобильдік қосымша. Соның көмегімен шаруалар алқаптарды араламай, уақыт жұмсамай егістік ахуалы туралы ақпарат алып отырады.

Жандос Керімқұлов, Назарбаев зияткерлік мектебінің ғылыми зерттеушісі: - Жоба мақсаты - біздің ауылшарушылық өнімдеріне космостан бақылау жүргізу. Яғни космос аппараттар суретке түсіріп, жер бедерін өңдеп, соңғы пайдаланушыға оның вегитациясы, ылғалдығы бойынша және өсімдіктің статусы бойынша мәліметтер алады.

Әрине, кез-келген салада бәсекелестік бар. Талабы көп инвесторға ұсынған жобаңның өміршеңдігін дәлелдеп, серпінді екеніне сендіру оңай емес. Десе де, жігерлі жастар аз емес. Бұл бәсекеде мерейі үстем болғандар халықаралық деңгейде жұмыс істейтін корпорациялармен келісімшартқа қол жеткізуде.