Қазақстанға еңбек мигранттарының дені Қытайдан келеді – министрлік

0
369

Шетелдіктер ең көп жұмыс істейтін сала – құрылыс, онда 6 137 адам (40%) еңбек етеді.


Қазақстанға еңбек мигранттарының дені Қытайдан келеді – министрлік

ERNUR.KZ. 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 15 434 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Шетелдіктер ең көп жұмыс істейтін сала – құрылыс, онда 6 137 адам (40%) еңбек етеді. Одан кейнгі орындарда тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 515 адам (10%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 211 адам (8%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 143 адам (8% ); өңдеу өнеркәсібі – 1 071 адам (7%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 539 адам, Үндістан – 1 801 адам, Түркия – 1 707 адам, Өзбекстан – 1 487 адам, Ұлыбритания – 1 125 адам.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдіктердің күші мен білімін пайдаланатын 1 751 жұмыс беруші бар. Оларда Қазақстанның 399 мыңнан астам азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар:

- басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 586 рұқсат (бірінші санат);

- құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 076 рұқсат (екінші санат).

Маусымдық жұмыстарға 1 380 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 591 адам тартылған.

Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республикаға шетел мамандарын тартуға жыл сайын квота белгілейді және бөледі. Осы жылдың қаңтар айында министрлік жоспарланған 28 352 квотаның орнына 21 097 квота белгіледі.