Қазақтарға қарсы балағат сөздер айтып, бірін-бірі өлтіруге шақырған астаналық әйел сотталды

0
818

Оқиға 7 тамызда болған.


Қазақтарға қарсы балағат сөздер айтып, бірін-бірі өлтіруге шақырған астаналық әйел сотталды

ERNUR.KZ. Астана қаласының тұрғыны Наталья Свиридова қазақтарға қарсы балағат сөздер айтып, бір-бірін өлтіруге шақырғаны үшін төрт жылға сотталды, деп жазады stan.kz.

“Наталья Валентиновна Свириденко (Меркулова) Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігінде (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру) қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.

Оқиға 7 тамызда болған.

“Сағат 1.00 шамасында Свириденко Н.В. Астанада үйінде (...) отырып TikTok әлеуметтік желісінде "Королева 2" аккаунты арқылы жазылушыларымен тікелей эфирге шығады. Тікелей эфир барысында Свириденко Н.В. ұлттық араздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қылмыстық ниет пайда болды. Свириденко Н.В., тікелей эфирде өз жазылушыларының арасында өзге ұлт өкілдерінің бар екенін біле тұра, қазақ ұлтының өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, әдепсіз түрде өз ойын білдіріп, көрнекі түрде балағаттап, олардың арасында қызу талқылау мен қоғамдық наразылық тудырған”, – делінген сот шешімінде.

Іс материалдарына сәйкес, Свириденко Н.В., қазақ ұлтының өкілдеріне қатысты өрескел сөздермен қатар, қазақтарды маймылға теңеп, көрермендердің біріне балаларын жерлеуді қалайтынын, оның бірін "ауру" деп атап көрсеткен және қаңтардағы Алматы мен Жаңаөзен оқиғаларына қазақстандықтарды жауапты деп санайтынын білдірген.

“Осылайша, Свириденко Н.В. телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, ұлттық араздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасаған”, – деп қосты сот.

TikTok-тан трансляцияның жазбасын көргеннен кейін сот астаналық әйелдің “қорлайтын сипаттағы сөздерден, оның ішінде әдепсіз сөздерден тұрады, олар бүкіл қазақ халқына да, Қазақстанның мемлекеттік органдарына қарата айтылған" деген шешімге келді. Тікелей эфир кезінде әйелдің масаң күйде болғаны белгілі болды.

“Свириденконың TikTok әлеуметтік желісіндегі іс-әрекеті тікелей эфирде қазақ ұлтына қарсы азаматтық жаулықты насихаттайды. Свириденконың “шимпанзе”, “макака”, “тонады”, “ұрлады”, “бір біріңді өлтіріңдер”, “Жаңаөзендегідей тонаудың қайта басталғанын қалаймын” деген сөздері ұлтаралық араздықты қоздырып, азаматтардың ар-намысын қорлауға бағытталған. Өзінің мәлімдемелерімен Свириденко Н.В. конституциялық құрылысты бұзуға шақырады, ал бұл Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық қарым-қатынасқа нұқсан келтіруі мүмкін.Оның мәлімдемелерінде талан-таражға және қоғамдық тәртіпті бұзуға, бөтеннің мүлкін заңсыз басып алуға ашық шақырулар бар, олар қоғамға қауіпті және Қазақстан халқының бірлігіне қарсы бағытталған”, – делінген іс материалдарында.

Сонымен бірге, сот үкімінде Свириденконың есі дұрыс деп танылып, жасаған қылмысына шын жүректен өкінетіні атап өтілді. Үкім 23 қарашада шыққан.