Кедейлік шегі медиандық табыс бойынша есептеледі – Дүйсенова

0
446

Сенатта Әлеуметтік кодекстің жобасы таныстырылды.


Кедейлік шегі медиандық табыс бойынша есептеледі – Дүйсенова

ERNUR.KZ. 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің орнына медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады. Бұл туралы Сенатта Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту (500 мыңнан астам ананы қамтиды); Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бастапқы капитал ретінде енгізу (6 млн-нан астам баланы қамтиды); 6-дан көп баланы дүниеге алып келген аналарға наградталған ана деген жаңа мәртебе қаралып, жәрдемақы мөлшерін ұлғайту (250 мыңнан астам ананы қамтиды).

«Тағы бір маңызды өзгеріс – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің орнына медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады», - деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ министр мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдемдесетін арнаулы әлеуметтік қызметтер ретінде туысының тіркелетінін айтты.

«Мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделіп отыр. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен жеке көмекшілер немесе әлеуметтік қызметкерлер ретінде рәсімделетін болады», - деді ол.

Айта кетейік, кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады.