Халық уақытылы ақпарат алмаған соң дүрбелеңге ұшырады – Смайылов

0
396

Сондықтан да адамдар терезеден секіру сынды әрекеттер жасады.


Халық уақытылы ақпарат алмаған соң дүрбелеңге ұшырады – Смайылов

ERNUR.KZ. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыдағы жер сілкінісі бойынша бірқатар тапсырма берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Көріп отырғанымыздай, ТЖМ-ден әкімдікке және басқа да мемлекеттік органдарға дейінгі барлық қызметтер болған жағдайға әрекет етті. Бақытымызға орай, қаза тапқандар мен үлкен зиян жоқ. Бірақ зардап шеккендер бар. Уақытылы ақпарат пен нақты әрекет болмаған соң жұрт дүрбелеңге ұшырады. Олар 2, 3 қабаттан секіру сияқты ойланбаған әрекеттерден зардап шекті. Бұл халыққа мүмкіндігінше ертерек хабарлау және хабарламалар жіберу үшін ескерту жүйелерін уақтылы қосу қажет екенін көрсетеді. Мұндай жағдайларда азаматтардың іс-әрекеттерінің реттілігі туралы нақты хабарлау қажет. Барлық сейсмикалық қауіпті аймақтарда жаттығулар жиі өткізілуі керек деп санаймын», - дедң Смайылов.

Оның айтуынша, халық іс жүзінде іс-қимыл алгоритмін білуі керек.

«Өңірлердің әкімдіктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуі тиіс. Жақын арада жедел ден қою үшін басқару органдары, азаматтық қорғау күштері басшылары мен жауапты тұлғаларының басқару пункттеріндегі кезекшілігі енгізілсін. Бұл қауіпсіздікті қорғайтын барлық ұйымға қатысты. Ол үшін сейсмикалық қауіпті өңірлерде азаматтық қорғау жүйесін жоғары дайындыққа көшіру қажет», - деді ол.

Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы әкімдігі зардап шеккендерді емдеуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

«ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Қажетті қызметтер, соның ішінде жер сілкінісінің эпицентрлері орналасқан көрші мемлекеттер арасында нақты өзара іс-қимыл жасау керек», - деді ол.