«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Батыс Қазақстанда даму көрсеткіші жоғары

0
706

Кешенді жоспар 116 іс-шараны қамтиды.


«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Батыс Қазақстанда даму көрсеткіші жоғары

Естеріңізде болса, біршама уақыт бұрын еліміздің аймақтарын дамыту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарына тоқталмақпыз.


Ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі – ел тұрғындарын баспанамен қамту. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында 3 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Ғали Есқалиев мәлімдеді. Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары құны шамамен 2,6 трлн теңгені құрайтын 116 іс-шараны қамтиды. Бұл қаржының 80 пайызға жуығы жеке бизнес есебінен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы тартылады деп жоспарланған.


Батыс Қазақстан облысы Қазақстанға тауарлық газ жеткізуші өңірлердің бірі болып саналады. Дегенмен, облыстағы көптеген ауқымды инвестициялық жобалар газбен жабдықтауға техникалық шарттарды алудан бас тартқандықтангазбен қамтамасыз ету жиі іске асырыла бермейді. Сондықтан да аймақты тауарлық газбен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынып отыр. Сондай-ақ, Батыс Қазақстандағы электр желілері өзге аймақтарға қарағанда едәуір ұзын болғандықтан, электр желілерін жөндеу жұмыстары да өзекті. Одан бөлек, бүгінгі таңда Орал және Ақсай қалаларын жылумен, сумен қамтамасыз етіп, кәріз жүйесінің сапасын көтеру жұмыстары да күн тәртібінде тұр.

«Тұрғын үй саласында 3 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Облыс аудандарында сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау ескерілген. Бұл 2025 жылдың соңына қарай ауыл халқын толықтай ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын қолдау көлемін ұлғайту өңірдің етті мал шаруашылығын дамытуға жағдай жасайды. Батыс Қазақстан облысы қазіргі уақытта Қазақстанның бірнеше өңірін сапалы етпен қамтамасыз етіп отыр», - делінген облыс әкімдігінің ақпаратында.


Табиғи газ және ауызсу

2022 жылы Бтыс Қазақстан облысындағы 27 елдімекенге табиғи газ тартылатын болады. Нәтижесінде өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,8 пайызға жеткізілмек.

Сонымен қатар, биыл 35 ауылға ауызсу желісі тартылады. Аталған жұмыстарға бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлінген. Тиісінше облыс халқын ауызсумен қамту көрсеткіші 92 пайызды құрайды.


Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысында жалпы саны 171 ауыл ауызсумен қамтамасыз етілмеген. 2025 жылға дейін сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін 44 елдімекен орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылып, 127 шағын ауылға кешенді блок-модуль орнатылуы қажет.


Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында қазіргі уақытта халыққа қажетті медициналық қызметтің сапасын арттыру, балаларға білім беретін заманауи мектептер салу, жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі автокөлік жолдарын көбейту жұмыстары да жүзеге асырылып жатыр. Одан бөлек, өмір сүру сапасын жақсарту үшін инфрақұрылым саласының басқа бағыттарына да ерекше көңіл бөлінген. Демек, бірнеше жыл ішінде өңірлерді дамыту арқылы ел тұрғындарының жағдайы жақсартылмақ.


Жалпы, бүгінгі таңда елімізде мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясаты іске асырылып келеді. Бұл жұмыстар бір ғана Батыс қазақстан облысында ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолға алынған. Елімізді дамытудың бірнеше жылдық жоспары шеңберінде күнделікті тұрмыс-тіршілкке қажетті нысандардың бой көтеріп, қажеттіліктермен қамтамасыз ету мақсатында көптеген жоспардың орындалып жатқанына көпшілік куә. Тиісінше, аталған жұмыстар жүзеге асырылса, Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындары да «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның игілігін көріп, азаматтардың өмір сүру ортасы жақсара түспек.


Атап өтсек, 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген. Сол базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылатын болып жоспарланған. Атап өтсек, бас жоспарда мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған.


«Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.

ERNUR.KZ