Құмар ойынды жарнамалауға тыйым салынады – заң жобасы

0
667

Құжат аясында заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады.


Құмар ойынды жарнамалауға тыйым салынады – заң жобасы

ERNUR.KZ. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп жазады inform.kz.

«Құмар ойынның былайша етек алып кетуіне оның ешбір тежеусіз жарнамалануы да әсер етіп отыр. Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаражат жұмсап жатыр. Телеарналар, ресми интернет сайттар, Youtube арналары, Тik-tok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр. Сонымен қатар, кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, медиа жұлдыздар да осы зиянды құбылысты жарнамалап жүргенін білеміз. Ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға да тыйым қарастырылған. Енді осы заң жобасын тағы да жан-жақты пысықтап, тез арада қабылдауымыз керек», - деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, заң жобасында максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу ескерілген. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кинода жарнамаға толық тыйым салынады.

«Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады. Бұдан бөлек, онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады», - деді депутат.

Құжат аясында заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.

Сонымен қатар, балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

«Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жүргізіліп, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынады. Мұнымен қоса, букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді», - деді депутат.