Құрбан айт – қоғамды жақсылыққа жетелейтін мереке

0
562

Не істеуге болады? Не істеуге болмайды?


Құрбан айт – қоғамды жақсылыққа жетелейтін мереке

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жер бетіндегі момын мұсылмандар асыға күтіп, асқан құрметпен атап өтетін мерекелер көп. Солардың бірі – жыл сайын ғибадат жасау арқылы тойланатын Құрбан айт мерекесі. Шамасы жеткен мұсылманның барлығы құрбандық шалып, мейілінше жақсылық жасауға тырысатын бірер күндік бұл мейрамның қоғамдық маңызы өте ерекше деп сеніммен айтуға болады. Олай болмаса, бұл мереке ғасырлар бойы жалғасын тауып, талай зұлмат замандардан өтіп, бүгінгі күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпай жетер ме еді?!

Сонымен, биыл күллі ислам әлемінің қасиетті Құрбан айт мерекесі 28 маусым күні басталып, 30 маусым күні аяқталатыны мәлім болды. Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің 2023 жылғы діни күндер кестесінде белгіленген. Жалпы, Құрбан айт мерекесінің басты мақсаты – Алла разылығы үшін құрбандыққа мал шалу.


Осы орайда қоғамдың маңызы бар мереке жайында түсінік беріп, бұл күні атқарылатын игі істер жайында сөз еткенді жөн санадық. Ғалымдардың зерттеулері мен түсініктеріне сүйенсек, «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны білдіреді екен. Толықтыра айтсақ, атқарған игілікті, сауабы мол істер арқылы жүректі, жандүниені тазартып, аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаға жақындау. Ал, діни тұрғыдан алғандағы терминдік мағынасы «шарттармен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенді білдіреді екен. Ал, «айт» – мереке, мейрам, қуаныш деген сөз. Тағы бір айта кетерлік нәрсе – Құрбан айт мерекесінде құрбандыққа мал шалу Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге ғана уәжіп, яғни міндет. Осы амал арқылы адамдар Аллаға жақындап, күнәларының кешірілуін тілейді. Себебі, Алла қасиетті Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» – деп айтқан.


Енді «Құрбан айт» мерекесінің шығу тарихына тоқталсақ. Ислам дініндегі негізгі мерекенің тарихы тереңнен басталады. Діни деректерге сүйенсек, Алла Ибраһим пайғамбарға сынақ ретінде өзінің жақсы көретін ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырған. Тиісінше, әкесі мен баласы Алланың бұйрығына қарсы келмей, бұйрықты орындамақ болады. Сонда сынақтан сүрінбей, таза ниетпен өткен әке мен баланың адалдығына разы болған жаратушы өз құзырынан құрбандық ретінде қошқар түсірген екен. Сол оқиғадан бастап Алла разылығы үшін құрбандық шалу үрдісі жалғасын тауып келе жатыр.


Сөз басында айтқанымыздай, Ханафи мәзһабы бойынша құрбандық шалу дәулетті, азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы болмаған мұсылманға – міндет. Бұл тұрғыда «дәулетті» деп Құрбан айт күні мал-дүниесі өзі мен отбасының негізгі қажеттелігінен артылатын адамды айтады. Яғни, 85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қара малы немесе 5 түйесі бар адам. Сонымен бірге, нисап мөлшерінде артық қаражаты жоқ қарапайым кісілер де құрбандық шала береді.


Дегенмен, құрбандық шалудың белгілі уақыты бар екенін де естен шығармаған жөн. Құрбандықты ол уақыттан бұрын немесе кейін шалуға рұқсат етілмейді. Себебі, уақытынан бұрын шалынған құрбандық өзі немесе отбасы үшін сойылған мал секілді, яғни құрбандық болып есептелмейді. Ал белгіленген уақыттан кейін шалынған құрбандықтың етін иесі жемей, садаа ретінде таратып жіберуі қажет. Сонымен, құрбан шалу Құрбан айттың алғашқы күні айт намазы оқылғаннан кейін басталып, айттың соңғы күні күн ұясына батқанға дейін орындалуы қажет.


Бұл тұрғыда құрбандыққа қандай мал шалынатынын да біліп жүрген абзал. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға рүқсат етілген. Қой мен ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі және түйе бес жасар болуы қажет. Сонымен қатар, семіз, еті 1 жасар қойдыңкіндей болатын 6-7 айлық тоқтыны союға болады. Қой мен ешкінің еркегін, ал сиырдың ұрғашысын құрбан еткен дұрысырақ. Сондай-ақ, қой немесе ешкіні тек бір адам ғана, ал сиыр немесе түйені жеті кісіге арнап шалуға болады. Бұл ретте ортақ құрбандық шалатын барлық адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы қажет. Бір кісі құрбандық үшін, екінші кісі етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал ортақ құрбандық болып есептелмейді.

Сонымен бірге, құрбандыққа бір немесе екі көзі, құрбандық шалатын жерге шамасы жетпейтін ақсақ, тісінің көбі түскен, мүйіздерінің бірі сынған, тым әлжуаз, құйрығының жартысынан көбі және құлағы жоқ, лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал жарамайды.


Құрбандыққа шалынатын малды құбылаға қарата жатқызып, дұға ретінде мына аятты оқыған абзал: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ». Мағынасы: «Менің намазым да, басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір Аллаға арналады. Оның еш серігі жоқ». Содан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Ескеретін жағдай – «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деген сөзді құрбандық иесі ғана емес, малды бауыздаған адам да айтуы тиіс. Әдейі «Бисмиллаһ» деп айтылмай сойылған құрбандықтың етін жеуге болмайды. Себебі, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған құрбандықтың етін жеу – харам саналады. Құрбандық иесі қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуі де «Бисмиллаһ» деп айтуы керек. Малдың жаны толық шыққаннан кейін ғана терісін сыпыруға болады. Ал, жаны шықпай жатып басын кесіп алу немесе терісін сыпыру – мәкрүһ. Жалпы, кез келген адам құрбандыққа шалынған малдың етін жей алады. Ал, құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – ең көркем амал болып саналады. Мұндай кезде еттің бір бөлігі туған-туыс пен, көршілерге, екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына берілгені игі.Және де құрбандық етін түгелдей кедей мен мұқтаждарға таратуға немесе түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.


Құрбандыққа шалынған малдың еті, терісі, сирақтары, басы мен сүтін сату – мәкрүһ. Бұл саудадан түскен ақша кедейлерге садақа ретінде үлестіріледі. Бірақ, құрбандыққа шалынған малдың бір де бір мүшесін қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.


Кейде «құрбандыққа арнайы мал алып соймай, орнына сол құрбанның құнын қаржылай садақа ретінде кедейлерге беруге бола ма?» - деген сұрақ туындап жатады. Дін саласы өкілдерінің сөзіне сүйенсек, құрбандықта қан ағызу негіз болғандықтан, мал сойып, қан ағызбаса, құрбандық шалу міндеті орындалмайды.


Одан бөлек, өмірден озған кісі өзінің атынан құрбандық шалуды аманаттап кетпесе де, сауабын қаза болған адамның рухына бағыштау ниетімен құрбандық шалуға болады. Мұндай жағдайда шалынған құрбандықтың етін жеуге рұқсат. Бірақ, қайтыс болған адамның тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалынған құрбандықтың етінен жеуге болмайды. Тиісінше, толықтай садақа ретінде тарату керек.


Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні мұсылмандар ерте тұрып, жуынып, таза киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітте айт намазын оқып болған соң, бір-бірін мейраммен құттықтап, өкпе-реніші барлар татуласып жатады. Айт намазы өтетін күні мешітке барар алдында үйден нәр татпай шыққан абзал. Өйткені, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбандық етімен ашқанды жөн көрген екен.

Осылайша, адамдар игі амалдарын жалғастырып, ағайын-туыс, дос-жаран мен көрші-қолаңға «Айт қабыл болсын!» - деп айтып, айтшылайды. Үйлерге кіріп, құран бағыштап, ізгі тілектерін айтады. Бір-біріне сыйлық жасап, мерекелік көңіл-күймен айттық сұрайды. Тиісінше, қазақ халқы айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін ешқашан қайтармаған. Әр шаңырақта қазан асылып, бауырсақ пен шелпек пісіріліп, берекелі дастархан жайылады. Кей адамдар сырқат кісілердің көңілін сұрау, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға көмектесу, оларға айт мерекесін сездіру сынды сауапты істерді атқарады.


Сондай-ақ, Құрбан айтқа бір күн қалғанда ораза тұтудың маңызы өте зор. Яғни, Зүл-хиджа айының 9-шы жұлдызында болатын Арапа күні ауыз бекітуге болады. Ал, айт күндері ораза ұстауға шариғат рұқсат етпейді.

Тағы бір айта кетрлігі – жылына бір-ақ рет келетін үлкен Қажылық маусымы дәл осы Құрбан айт мерекесі кезінде орындалады. Қажылық – балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, қаражаты жеткілікті және қажылық сапарына денсаулығы жарайтын әрбір мұсылманға парыз.

Сөз орайы келгенде Құрбат айт мерекесіне қатысты тағы бір деректерті айтып өтсек:

  • Қазақстанда 2005 жылдан бастап сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен заңды түрде Құрбан айттың алғашқы күні демалыс болып бекітілді.
  • Қазақ халқының Құрбан айтты тойлауы туралы ақпараттар XIX ғасырдағы орыс жазбаларында кездеседі.
  • Әр елдегі мұсылмандардың Құрбан айтты тойлаудағы өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Марокко, Малайзия мен Индонезияда адамдар айт намазынан кейін көшеде ән айтып, билейді екен. Яғни, бұл елдерде мейрам карнавал ретінде тойланады.
  • Біріккен Араб Әмірліктерінде Құрбан айт кезінде құрбандық шалынып, мемлекеттік және муниципалды мекемелердің барлығы жабылады. Дубайдағы 200-ге жуық этнос өкілдері арасында 2 аптаға жуық уақыт бойы мерекенің мән-маңызын арттыратын іс-шаралар, бірнеше миллион дирхам көлеміндегі лотореялар өткізіліп, балаларға арналған көптеген ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады.


Ислам дініндегі қасиетті мерекелердің бірі – Құрбан айт баршаңызға мол жақсылық, сансыз сауап ала келсін!


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ