Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегі анықталды

0
562

Қауіпті індетті Шиелі ауданының екі тұрғыны жұқтырған.


Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегі анықталды

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында екі адамнан Конго-қырым қанды безгегі анықталды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қауіпті індетті Шиелі ауданының тұрғындары жұқтырған. Олар қазір жұқпалы аурулар бөлімінде ем алып жатыр. Аталған жағдайға қатысты облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы арнайы жиын өткізді. Басқарманың ақпаратынша, кенелердің таралуына байланысты облыста 113 елдімекен қауіпті деп танылған. Қолайсыз жерлерді залалсыздандыруға бюджеттен қаржы бөлінген.

«Бүгінгі күнге Шиелі ауданы бойынша 2 науқас «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы нақтыланған» жағдайымен тіркеліп отыр. Осыған байланысты, барлық 113 елді мекендегі 567 318 мал басына және жалпы көлемі 2 352 450 шаршы метрді құрайтын 33 385 қора, суат-шаңлақтарға көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Көктемгі залалсыздандыру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес ағымдағы жылдың 12-ші сәуір - 14 маусым аралығы бойынша жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстарына дизицип ерітіндісі қолданылуда», - деді Қызылорда обылстық жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары Бағдат Алиев.

Қазіргі таңда Шиелі, Жаңақорған аудандарында залалсыздандырудың І-ші кезеңі аяқталып, ІІ-ші кезеңі басталған. Жалағаш пен Сырдария аудандарында кенеге қарсы ерітінділерді шашу жұмыстары жалғасып жатыр. Шиелідегі 1 ауылға шұғыл түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Алдағы күндері тағы бір ауылға ерітінді шашылады.

«Кенелерден зақымдану көрсеткіші өткен жылы 1,7% болса, биыл 5,4% құрайды. Кене шаққан жағдайда азамат бірден тұрғылықты жердегі медициналық пунктке жүгінуі тиіс. Сол арқылы қажетті ем-дом шараларын алуына мүмкіндігі бар», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.