Қызылорда облысында медициналық қызмет сапасына шағым 30%-ке артқан

0
524

9 айда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалына 6 072 өтініш келіп түсті.


Қызылорда облысында медициналық қызмет сапасына шағым 30%-ке артқан

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында емханалар, ауруханалар мен амбулаториялардың қызмет көрсету сапасына шағым 30 процентке артқан, деп жазады sputnik.kz.

Осыған байланысты әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді оқыту жөніндегі бағдарламаларды түзетуді талап етіп отыр. Сондай-ақ медициналық мекемелерге халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру бойынша ұсынымдар жіберді.
"9 айда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалына 6 072 өтініш келіп түсті. Оның 461-і медициналық көмектің сапасына немесе қолжетімділігіне қатысты, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30%-ке жоғары", - деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Исмаханбетовтың айтуынша, дәрігерлер медициналық қызметке жолдама беруден бас тартады, тұрғындар профильді дәрігердің кеңесін немесе диагностикалық тексеруді ұзақ күтеді. Сондай-ақ науқастар аймақта қажетті мамандардың жоқтығына шағымданады.
"Шағымдардың негізгі себептері – дәрігердің тағайындаған емімен, диагнозымен келіспеушілік", – деп мысал келтірді Исмаханбетов.
Әрбір шағым бойынша қор тексеру жүргізеді. Өтінішті талдау қорытындысы бойынша емхана қызметкерлері тарапынан білімді арттыру қажет болатын мәселелер мен бағыттар айқындалады, дейді Бақыт Исмаханбетов.