Қызылордада сәбиді құдықтан алып шыққан жасөспірімге 2 бөлмелі пәтер берілді

0
469

Екі жарым жастағы сәби ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Аралдан колледжге оқуға түсуге келген 15 жастағы Арман Аманжолов баланы құдықтан алып шыққан.


Қызылордада сәбиді құдықтан алып шыққан жасөспірімге 2 бөлмелі пәтер берілді

ERNUR.KZ. Қызылордада 2,5 жастағы сәбиді кәріз құдығынан алып шыққан 15 жастағы жасөспірімге облыс орталығынан екі бөлмелі пәтер берілді, деп жазады ulysmedia.kz.

Өткен аптада қала орталығындағы «Универсам» шағын ауданында оқыс оқиға болды. Екі жарым жастағы сәби ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Аралдан колледжге оқуға түсуге келген 15 жастағы Арман Аманжолов баланы құдықтан алып шыққан.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев педагогтардың тамыз кеңесінде мұқалмас ерік-жігерімен, табанды тәуекелге барған аралдық Арманға демеушілер көмегімен алынған пәтер кілтін табыс етті.

«Бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан зор ризашылығымды білдіремін. Бүгінде аймағымызда жомарт жүректі жанашыр азаматтар жетерлік. Сол демеушілердің атынан бүгінгі бейбіт күннің батыры болған бозбалаға баспана кілтін табыс етеміз. Қарапайым ғана ауыл баласының бұл ерлігі өзі сияқты қатар жүрген балаларға үлгі болсын, елдің ішінде осындай азаматтар көп болсын», - деді Н.Нәлібаев.

Арман Аманжолов Арал ауданы, Бөген ауылында 2007 жылы дүниеге келген. Отбасында 5 ағайынды, 2 апасы, 2 ағасы бар. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында жұмыс істейді.