Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл: Ашылмаған жұмбақ әлі де көп

0
3 023

Ал, олардың сырын ашып, қазақ үшін тер төккен ұлт перзентін жас ұрпаққа тереңірек таныстыра түсу біздің азаматтық парызымыз.


Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл: Ашылмаған жұмбақ әлі де көп

Қазақ ұлтының тарихы мен әдебиетінен ойып тұрып орын алатын даңқты тұлғалардың бірі – Алаш зиялыларының бірі, ақын Мағжан Жұмабаев. Ол өзі өмір сүрген кезеңдегі қазақ халқының жай-күйін, тыныс-тіршілігін жырына арқау етіп, қылышынан қан тамған саясаттың қасіретін сезінген тұлға. Азаттық жолында жанын қатерге тіккен осынау парасатты перзенттің туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Сондықтан, дәл осы мерейтой аясында ақын Мағжанды ел арасында дәріптеп, оның шығармашылығы мен тағдыры жайлы сыр шерту әрбір қалам ұстаған азаматтың парызы деп білеміз.


Мағжан Жұмабаев 1893 жылы болыс губернаторы болған Бекен Жұмабаевтың шаңырағында дүние есігін ашқан. Төрт жасынан бастап ауыл молдасының тәлімін алып, 12 жасқа толғанда Петр және Павел медресесіне оқуға түскен. 1911 жылы медресені тәмамдап, білімін шыңдау жолында Уфа медресесінің есігін ашқан.


Өткен күннің естеліктерімен бөліскен зиялы қауым өкілдерінің сөзіне сүйенсек, ол дәуірде Уфадағыдай білім ұялары Троицк, Омбы қалаларында да болған екен. Бірақ, дәл осы «Ғалия» медресесі сол кезеңнің ең озық мұсылман медресесі болғандықтан Мағжан сонда қуға түсіп, үздік шәкірттердің бірі болған. Ұстазы – татар ұлтының классик жазушысы Ғалимджан Ибрагимов болған деседі. Мағжанның терең білім алуына татар зиялыларының қазақты жақын тартатыны да себеп болған шығар. Сол ұстазы Мағжанға айтқан бір сөзінде: «Неге сабақ оқып, уақытыңды босқа өткізесің? «Ғалияның» деңгейінен әлдеқашан асып кеттің», – деп те айтқан екен. Содан соң, ақын Мағжан ұстазының бағыттауымен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына барып, алтын медальмен аяқтаған. Сол жерде руханиятқа жақын қазақ жастарының ортасында болып, қоғамның зиялы өкілдерімен байланыс орната бастаған.


Мағжан Алаш көсемдерінің бірі, ұлтты қалың ұйқысынан оятуға тырысқан қайраткер Міржақып Дулатұлымен «Ғалиядан» оралған соң танысқан екен. Сонда Міржақып Мағжанның таланты мен елжандылығына сүйсініп, өзіне жақын тартқан.


Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, Жұмабаев семинарияда оқып жүргенде азаттық, тәуелсіздік, бостандық тақырыптарына қызығып, қазақ жастарын ұлттық бірегейлік идеясына топтасуға үндеген. Ал, шығармашылығының негізгі бөлігіне айналған махаббат тақырыбына ойысуына тарихта аты қалған Гүлсім Камалова ықпал еткен. Деректерде айтылғандай, екеуі Петропавлда кезіккен. Дегенмен, ол бикештің басы бос болмағандығы ақынның жолына кедергі болған. Тарихқа сүйенсек, курстарда математикадан сабақ беретін Камалова бастапқыда Мағжанға қарамақ түгілі, бұрылып сәлем де бермеген. Ал, олардың көңіл жарастыруына ерекше дарын иесі Мағжанның жазған бір өлеңі әсер еткен екен. Ол туралы ақын тергеу барысында: «Мен онымен бір жыл бойы ауырдым, айналамдағы дүниені ұмыттым», – деп пікір білдірген.


Мағжан Жұмабаев адуынды ақын ғана емес, қаламы қарымды журналист әрі білім беру саласының көрнекті өкілі. Атап өтсек, ол 1917-1924 жылдар аралығында журналистика және ағарту ісімен айналысса, 1922 жылы көз майын тамызып жазған «Педагогика» атты еңбегі жарияланған. Біршама уақыт сол кездегі «Кедей сөзі», «Бостандық туы» басылымдарында редакторлық қызметте болған.


Тарихшылар Мағжан Жұмабаев шығармашылығының шыңдалған кезеңін 1922 жылы Ташкент қаласына көшуімен байланыстырады. Себебі, ол осында өміршең туындыларының бірі – «Батыр Баян» поэмасын жазған. Ташкентте бір жылдай ғұмыр кешкен Мағжан Валерий Брюсов басқаратын Мәскеу әдебиет-көркем институтына оқуға түсіп, өмірінің 1923-1927 жылдардағы кезеңінде ең жоғары әдеби қоғамнан өзін тауып, кемеліне жеткен.


Сол қалада Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен танысып, даңқты тұлғамен жақын дос болған Мағжанның шығармашылығына «Алаш қозғалысының» күйреуі ерекше әсер еткен. Тіпті, күйзелістің салдарынан біраз уақыт бойы шығармашылығына бет бұруды да қойып кеткен екен. Жүсіпбек Аймауытов Мағжанды жазудан қол үзбеуге шықырып, хат та жазған. Сол кезеңде ақын шығармашылығының шыңы саналатын «Алқа» бағдарламасы мен «Табалдырық» манифесі жарық көрген. Осылайша, әдебиеттегі еркіндік пен тәуелсіздік қағидасын ұстанған ол жазушылардың өз еркімен шығармашылықпен айналысуына мұрша жоқ екенін көтерген. Ал, мұнысы қазаққа қырғидай тиген билікке жақсын ба? Әрине, жоқ. Билік оны жақтыртпағанымен қоймай, жалған айып тағып, 1929 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырады. Дегенмен, Солтүстікте жазасын өтеген ақын 1935 жылы Максим Горький және оның жары Екатерина Пешкованың петициясының арқасында мерзімінен бұрын босатылған. Алайда, бұл қуаныш көпке созылмай, 1937 жылдың 30 желтоқсанында жалған айыппен тағы да тұтқындалып, 1938 жылы наурыз айында ату жазасына кесілген. Билік оны қоғамның санасына «халық жауы» деп сіңіріп, есімін атауға тыйым салып тастаған. Тіпті, ақынның рухынан қорыққан билік 1967 жылғы қазақ зиялыларының Мағжанды ақтау әрекетіне де кедергі болған.


Тәуелсіздік жылдарында Мағжан Жұмабаевқа қатысты тағы бір дерек шығып, 1948 жылы Қиыр Шығыстағы түрмеде ақын мен ұлт батыры Бауыржан Момышұлының кездескені туралы ақпарат тараған болатын. Дегенмен, бұл жағдайға қатысты қоғам мен ғалымдардың дерегі екіге бөлінген. Бұл тұрғыда мамандар мұрағатқа сүйене отырып, Мағжанның 1937 жылы сотталып, 1938 жылы атылғанын айтады. Бір жағынан оның тірі қалғаны туралы бір де бір айғақ жоқ. Десе де, аумалы-төкпелі кезеңде қуғынға ұшырағандардың кейбірін құжат бойынша ғана өлтіргендігі дәлелденіп жатады. Сондықтан бұл істің ақ-қарасын жаратушы ғана біледі деп пайымдағанымыз жөн шығар. Себебі, өз еркінен айырылған елдердің тарихында жұмбақ көп болатыны сөзсіз.


Бір білеріміз – Мағжан Жұмабаев қазақ халқының тарихы мен әдебиетінде мәңгілік аты қалған тұлға. Еңбегі естен кетпейді, шығармашылығы өлмейді. Мұның дәлелі – ел көлемінде ақынның атын өшірмеуге арналған түрлі іс-шаралардың іске асырылып жатқандығы. Мәселен, 1993 жылы Мағжан Жұмабаевтың жүз жылдығына арнап Петропавлда, 2000 жылы Бұлаев ауданында, 2003 жылы Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылында ақынның ескерткіші орнатылды. Сондай-ақ, бүгінде Қазақстанның әр өңірінде қайраткер ақынның атымен аталған мектептер мен көшелер бар. Одан бөлек, жыл сайын ақын шығармашылығына арналған дәстүрлі байқаулар ұйымдастырылып, көпшілік Мағжанның жырымен сусындап келе жатыр. Сонымен бірге, биыл жыл басынан бері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай облыстық, республикалық деңгейде мерекелік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мағжан Жұмабаевтың өмірі жайлы "Мен жастарға сенемін" атты телесериал да көрермен назарына ұсынылған.


Мәселен, мамыр айында Көкшетауда Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Алаш руханиятындағы Мағжанның орны мен қызметі» атты республикалық конференция өткізілді. Лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, өңірлердегі ғалымдар, әдебиетшілер, тарихшылар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысқан жиында Мағжанның қазақ әдебиетіндегі рөлі және еңбегі сөз болды. Тиісінше, Мағжанның шығармашылығы зерттеліп, оның өлеңдері АҚШ, Англия сияқты елдерде шығып жатқандығы айтылып, ол туралы Мәскеу, Санкт-Петербор архивтерінде жатқан құжаттарды кеңінен зерттеу керектігі көтерілді.


Расында, Мағжанның сан қилы тағдыры жайлы жұмбақ болып жатқан дүниелер әлі де көп. Ал, олардың сырын ашып, қазақ үшін тер төккен ұлт перзентін жас ұрпаққа тереңірек таныстыра түсу біздің азаматтық парызымыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ