Магистранттар мен докторанттар Қазақстанда британдық диплом ала алады

0
457

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлескен қос диплом бағдарламасын іске асыру бойынша келіссөздер өткізу үшін Ұлыбританиядан Алматыға арнайы делегация келді.


Магистранттар мен докторанттар Қазақстанда британдық диплом ала алады

ERNUR.KZ. Қазақстандық магистранттар мен докторанттар Сассекс университетінің дипломын бұдан былай елде жүріп-ақ ала алады, деп жазады inform.kz.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлескен қос диплом бағдарламасын іске асыру бойынша келіссөздер өткізу үшін Ұлыбританиядан Алматыға арнайы делегация келді.

Мәртебелі меймандарды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай қарсы алды. Тараптар ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату бойынша 3 күн қатарынан кездесулер өткізеді.

«Қос диплом бағдарламасы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Сассекс университеті бірлесіп жеңіп алған Британдық кеңес грантының аясында іске асады. Яғни қазақстандық магистранттар мен докторанттар екі диплом алатын болады: біріншісі — Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, екіншісі — Сассекс университетінің дипломы», — деп жазды Ғылым және жоғары білім министрлігінен.

Осы әріптестік аясында педагогика саласында қосымша білім алуға мүмкіндік беретін PGCE in Pedagogy and Practice халықаралық бағдарламасын да іске асады. Сондай-ақ профессорлар мен оқытушылардың біліктілігін арттыратын орталық құрылады. Бұл қазақстандық және британдық жоғары оқу орындары ғылымды дамытуда да бірлеседі деген сөз.

Естеріңізге салсақ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті былтыр жазда Сассекс университетімен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Осы келісімнің арқасында қазақстандық 15 оқытушы мен докторант Ұлыбританияда біліктілікті арттыру бағдарламасынан сәтті өткен болатын.