Маңғыстау облысында мұнай қалдығын төккен компанияға айыппұл салынды

0
580

Табиғатқа залал келтірген компанияның бірі – "Емір Ойл".


Маңғыстау облысында мұнай қалдығын төккен компанияға айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында мұнай қалдығын төккен компанияға 56 млн теңге айыппұл салынды, деп жазады 24.kz.

Бұған дейін Жетібай тұрғындары мәселе көтеріп, өндірістен шыққан қалдықтар елді мекенге жақын аумаққа тасталатынын айтқан болатын. Онымен қоймай, жаз бойы өртейтін көрінеді.
Экология департаменті табиғатқа залал келтірген тағы бірнеше серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Ауыл іргесінде мұнай қалдықтары тасталған жер көп. Кезінде бұл аумақта бірнеше мекеме болған. Жер телімінің иесі бірнеше рет ауысып, ақырында 10 мың тоннадай қалдық төгілген орынға айналған. Енді зардабын жергілікті халық көріп отыр.
"Ұйқыдан тұрмай қалатын адам жетіп артылады. Қан қысымы дейді де, арулап шығарып саламыз. Негізінде бәрі экологиядан. Әкеліп, осы жерге төгеді. Білгенін істейді", - дейді ауыл тұрғыны Ағзам Жұмсақов.
Экология департаменті Қарақия ауданы тұрғындарының арызы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Топырақтан сынама алып, мұнай төгілуінен қоршаған ортаға зақым келгенін растады.
Жеке компания заңның 4-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
"Жетібай ауылы тұрғындарының шағымына сәйкес прокуратура органымен бірлескен тексеру жасалды. Бұл жұмыстар экология министрінің бақылауында болды. Нәтижесінде қолданыстағы заң талаптарын өрескел бұзған "Void" серіктестігі 56 млн 359 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді", - дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Мақсат Айсин.
Жыл басынан бері уәкілетті орган қызметкерлері өндірістік кәсіпорындарға қатысты 48 рет тексеру ашқан. Соның 21-і жоспардан тыс жүргізілді. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі 242 млн теңгеден асады. Қазіргі уақытта 109 млны өндірілген.
Табиғатқа залал келтірген компанияның бірі – "Емір Ойл". Қалдықтарды рұқсатсыз тастағаны үшін 57 млн теңге айыппұл арқалады. Ал Каспий теңізі мен Қаракөлге сарқынды су төккен Rixos қонақүйінің иелері 75 млн теңге төлеуге міндеттелді. Ауада күйік иісін байқаған тұрғындар шағымы да ескерусіз қалған жоқ. Полигонда қоқыс өртеген коммуналдық мекемеге 490 мың теңге айыппұл салынды.