Маңғыстауда қалың нөсерден соң далада қызғалдақ қаптады

0
538

​Маңғыстау облысында қалың нөсерден кейін кейбір аудандарда қызғалдақ қаптады. Қуаңшылық болады деп алаңдағандар үшін бұл тосын жаңалыққа баланып отыр.


Маңғыстауда қалың нөсерден соң далада қызғалдақ қаптады

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында далалы алқаптарда қызғалдақ қаулап өсті, деп жазады exk.kz.

Былтырдан бері қуаңшылық зардабын тартқан өңірде қызғалдақтар қаулап өсуі ғаламат оқиғаға баланып отыр. Мамырдың басында нөсерлеп жауған жауынан кейін бірнеше елдімекенді су басып, үйге дейін кіріп кеткен еді.

Жауыннан кейін далалы алқаптардың көгеріп, Қарақия ауданының Бекет ата мешітіне барар маңына жаппай гүл өскен. Даланы әсем кейіпке бөлеп, көздің жауын алған қызғалдақтар көпшіліктің таңданысын тудырып отыр.


Бұған дейін облыс бойынша екінші жыл қатарынан қуаңшылық болады деп болжам айтылған. Дегенмен, ақпан айының соңында өңірдің шаруалары қырық миллион теңгеден астам қаржы жинап, жасанды жаңбыр жаудыратын аппаратты іске қосуға мұрындық болды.

Сәуір айының соңына таман Ақтау қаласында тұрғындар тасаттық беріп, жаңбыр тілеген еді. Араға он күн салып, облыс аумағында бірнеше күн бойы нөсерлетіп жаңбыр жауды. Аймақта көптеген елдімекенде жауын кезінде сел жүріп өтуі салдарынан Мұнайлы ауданында екі баланың өмірін су жалмады.