Маңғыстаулық медбике ішуге арналған сұйықтықты сәбиге егіп жіберген

0
928

Медбике ішуге арналған “картан” сұйықтығын егіп жіберген.


Маңғыстаулық медбике ішуге арналған сұйықтықты сәбиге егіп жіберген

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысы, Қызылтөбе ауылының медбикесі шала туған сәбиге нұсқаулыққа сай келмейтін препарат салған. Сәби қазір облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем алып жатыр, деп жазады Inbusiness.kz.

Шынарай Сәрсенбаева былтыр тамыз айында уақытынан бұрын босанған. Шала туған сәбидің өкпесі дұрыс дамымаған екен. Келіншек 56 күн бойы "Ана мен бала" орталығында баласына ем алып, 19 қазан күні үйіне шыққанын айтады. Ал Қызылтөбе ауылдық емханасының дәрігерлері баланы ай сайынғы тексеру жұмысын 2 ай кешіктерген.

“26 желтоқсан күні ақылы неврологке бардық. Невролог сәбидің жамбасына кортексин мен в2 екпесін салу керек екенін айтты. Дәрігер Абылай Ермаханов балаға қандай препарат салу керек екенін медбикеге анық жазып берді. Медбике нұсқаулықты қайта сұрап, мені дәрігерге жіберді. Келсем, екпені дайындап салайын деп жатыр екен. “Нұсқаулықты анық оқымай, екпе дайындағаныңыз қалай? Кері әсерін бермей ме?” деп сұрадым. Сынама деп 5 грамның жартысын салды. 1 минуттан кейін балам көгеріп, түс-өңі қашып, қатты жылады. Кейін сәбиді Қызылтөбе ауылдық емханасының басшысы Ақтоты Қуандықова келіп қарады. Нәрестенің жамбасы ісіп кеткен. Нұсқаулықты орындамай, басқа дәрі салатындай елімізде медицина саласы дамымаған ба?”- дейді Шынарай Сәрсенбаева.

Жас ана сәбиіне медбикенің ішуге арналған “картан” сұйықтығын салып жібергенін білген. Бұл туралы Мұнайлы аудандық емхананың басшысына арыз-шағым жолдаған. Олар “сәбиіңізді порталмен Астанаға жібереміз” деп уәдесін беріп, қайтарып жіберді. 12 қаңтар күні бала инфекциялық ауруханаға түсті. Ал 24 қаңтарда пневмания белгісімен жансақтау бөліміне ауыстырылды. Қызылтөбе ауылдық дәрігерлік амбулатория қызметкерлері кінәсін толық мойындаған.

“Сәбиге салынуы тиіс нұсқаулықты мен жазып бердім. Бірақ медбике препаратты қате салған. Қазір сәбидің туған кезінен бергі жағдайы мен қаралған мамандарының жазбаларын қарап шықтым. Ешқандай маман Астанаға жіберу туралы ұсыныс жазбапты. Сәбидің жағдайы жақсарып, ауруханадан шыққан соң, Астана қаласындағы “Ана мен бала” орталығына жіберуге болады. Сәбидің жағдайы жақсарған соң, портал дайындалады”, - деді Қызылтөбе ауылдық дәрігерлік амбулатория басшысының міндетін атқарушы Абылай Ермаханов.

Осы оқиғадан соң медицина қызметкерлеріне тәртіптік шара қолданылған.