Маска тақпаған Өскемен әкіміне қатысты тексеру басталды

0
2 462

Шаһар басшысы Жақсылық Омардың бірнеше адамның арасында маска тақпай отырып түскен фотосуреті әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді.


Маска тақпаған Өскемен әкіміне қатысты тексеру басталды

ERNUR.KZ. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен шарада маска тақпағандығына қатысты ШҚО Санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті тексеру жүргізуде, деп жазады ҚазАқпарат.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде шаһар басшысы Жақсылық Омардың бірнеше адамның арасында маска тақпай отырып түскен фотосуреті тарап кеткен болатын. Жұртшылық өңірдегі карантиндік шектеулердің сақталмағандығына наразылық білдірді.



«Бұл Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен шарада жасалған сурет. ҚР және облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің қаулыларына сәйкес көрермендердің қатысуымен жалпы адамдар санын 20%-дан асырмай, спорттық іс-шараларды өткізуге рұқсат берілген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ШҚО СЭБД Өскемен қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізуде. Түскен материалдар заңнамада белгіленген мерзімде қаралатын болады», - деп хабарлады ШҚО Санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.


Осы ретте, департамент мамандары жеке және заңды тұлғаларға Шығыс Қазақстан облысының «жасыл» аймақта болғанына қарамастан, ҚР және облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің қаулыларымен белгіленген шектеу шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.