Нұр-Сұлтанда айлап жалақы алмаған құрылысшылар аштық жариялады

0
1 104

Екі айдан бері толассыз түсіп жатқан арыз-шағымдарға сүйенген еңбек инспекциясы көпір салатын компанияны тексермек.


Нұр-Сұлтанда айлап жалақы алмаған құрылысшылар аштық жариялады

Астанада көпір салып жатқан жұмысшылар 9 айдан бері жалақы алмаған. Төзімі таусылған құрылысшылар бүгін ереуілге шықты. Шиеленіскен жағдайға Бас мемлекеттік еңбек инспекторы араласуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Сол-ақ екен тоғыз ай тыпыр етпеген жұмысберуші, бүгін ақша аударуға дайын болып шықты.

Үйге кіруге де ұяламыз бала-шағамыздан. Айлық апармағасын. Ол бірден қолыңа қарайды, шынына келгенде. Айлап еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар осылай деп зар илеп отыр. Таң алакеуімде олар жан-жақтан жиналып, құрылыс нысанына келді. Бірақ жұмыс істеу үшін емес, аштық жариялау үшін.

- Түнімен осы жерде жату керек пе, жатамыз. Біздің ақшамызды бермегенше осылай болады, - дейді аспаз Шайра Рузметова.

Жұмысшылардың дүрлігіп шыққаны сол-ақ екен жандарына учаскі полицейі жетіп келді. Ереуілшілерді сабырға шақырып, бір жерге үйіліп тұрмауларын сұраған. Ашулы жұрт оны тыңдай ма? Өз талаптарын алға тартып, орындарынан бір адым да жылжыған жоқ. Сөйтіп тұрғанда Мемлекеттік еңбек инспекторы араға түсті.

- Бухгалтерияға осы жиналған жұмысшылардың тізімі жіберілді. Бүгін-ертең жалақы шоттарына аударылады, - деп сендірді жоба жетекшісі Александр Попов.

Тізім бойынша 26 адам ғана. Ал айлығын ала алмай, аулына қайтып кеткен қанша жұмысшы бар. Компания басшылығы алдағы күндері олардың да еңбекақысын береміз деп отыр.

Екі айдан бері толассыз түсіп жатқан арыз-шағымдарға сүйенген еңбек инспекциясы көпір салатын компанияны тексермек.

"Бүгін мына мәселені шешкеннен кейін, ертең осы жерде істеген басқа адамдар арызбен қайтадан келеді ғой. Солар арызбен келмесі үшін мекемені тексеру барысында жұмыстар жүргізіледі", - деді Төлеген Оспанқұлов.

Айта кетсек, көпір 2018 жылдың желтоқсанында салынып бітуі керек еді. Бірақ құрылысы осы жылдың соңына дейін ұзартылған.