Нұр-Сұлтанда мас әке екі айлық қызын ұрып, бас сүйегін сындырған

0
745

Сәби қазір жансақтау бөлімінде жатыр.


Нұр-Сұлтанда мас әке екі айлық қызын ұрып, бас сүйегін сындырған

ERNUR.KZ. 2022 жылдың 2 шілдесінде Нұр-Cұлтан қаласының полициясы сәбиінің денсаулығына зақым келдірген әкені қолға түсірді, деп жазады Azattyq Ruhy.

Әлеуметтік желі қолданушысы Дина Тәңсәрінің жазуынша, бұл ер адам ішімдікке әуес және мас болса, әйелін, бала-шағасын ұрып соғатын. Ал бұл жолы ол небары екі айлық сәбиін жерге лақтырып сабаған. Бала жаңадан қырқынан шыққан сәби екенін қалалық полиция департаменті де растады.

«2 шілде күні сағат 22:47-де әкесі жас баласының денесіне зақым келтірді деген факт бойынша полицияға қоңырау түсті. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұрын да соттың шешімдерін елемеген ер адам бұл жолы қамалды. Тергеу барысы бақылауда», - деп хабарлады агенттік тілшісіне полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал баланың жасына қатысты сұрағымызға жауап берген дереккөз бала 2022 жылы мамырдың 4-і күні дүниеге келгенін растады. Яғни бүгін, 4 шілде күні бала тура екі айға толған.

«Бала жан сақтау бөлімінде. Дәрігерлер бас сүйегі сынып, миына қан құйылғанын айтады. Мас ер адам әйелі мен алты жасар ұлын да сабаған», - деп жазады Дина Таңсәрі.