Нью-Делиде Қазақстан-Үндістан инвестициялық форумы өтеді

0
1 988

Қазақстанның 10-нан астам жетекші компаниясының басшыларынан құралған делегацияға «Kazakh Invest Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев басшылық етеді


Нью-Делиде Қазақстан-Үндістан инвестициялық форумы өтеді

ERNUR.KZ. Биылғы 12-14 қараша күндері Нью-Делиде Қазақстан-Үндістан инвестициялық форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны Қазақстанның Үндістандағы Елшілігі, Kazakh Invest Ұлттық компаниясы және Үнді сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясы (FICCI) бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Қазақстанның 10-нан астам жетекші компаниясының басшыларынан құралған делегацияға «Kazakh Invest Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев басшылық етеді. Форумға Үндістан Сауда және өнеркәсіп министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Үнді сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясы өкілдері, сондай-ақ 50-ден астам компания басшылары қатысады. Шара аясында жалпы отырыс (14 қараша), тақырыптық секциялар, Үндістанның ірі трансұлттық компанияларымен екіжақты кездесулер, (12-13 қараша) өтеді.

Онда қазақстандық кәсіпкерлер инвестициялық жобалары туралы толыққанды ақпарат береді. Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 26 жыл болды. Екіжақты ынтымақтастық 2009 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға барған сапарынан кейін стратегиялық деңгейге көтерілген.

Екі елдің ғарыш, әскери-техникалық, IT, Fintech, мұнай және газ, банк ісі, т.б. салалардағы ынтымақтастығы табысты болып отыр. Тенгри Банк (Пенджаб Ұлттық банкі оны акцияларының 49 пайызына ие) соңғы екі жылда үнді компанияларының 80-нен астам есеп шоттарын ашқан. Бұдан бөлек, Қазақстан Үндістанға уран жеткізуші негізгі мемлекет. Екі ел арасындағы тауар айналымы бүгінде 1 млрд доллар шамасында.