Олжас Бектенов ТЖМ-ге сейсмологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды

0
356

Қазіргі уақытта Алматының тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің барлық нысаны штаттық режимде жұмыс істеуде.


Олжас Бектенов ТЖМ-ге сейсмологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматы қаласында болған жер сілкінісі бойынша ахуал қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ТЖ-ның алғашқы минуттарынан бастап барлық қызмет бекітілген алгоритмдерге сәйкес дереу жұмысты бастағанын айтты. Іс-қимылдарды үйлестіру үшін республикалық және облыстық штабтар ұйымдастырылды.

Азаматтарды жер сілкінісі және одан әрі іс-әрекеттер туралы хабардар ету теле- және радиоарналар арқылы, сондай-ақ сөйлеу дабылы мен басқа да құралдардың көмегімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ 384 азаматтарды қабылдау пункті ашылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желі» іске қосылды.

Қазіргі уақытта Алматының тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің барлық нысаны штаттық режимде жұмыс істеуде, елдегі сейсмикалық жағдай – тұрақты. ТЖМ ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын және жер сілкінісі кезінде азаматтарды іс-қимылға дайындауды жалғастырады.

Сонымен қатар Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы қазіргі ахуал және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Ол азаматтарды жинау пунктілерінің жұмысын ұйымдастыруға аудан әкімдіктері мен құтқару қызметі жұмылдырылғанын айтты. Келген адамдар төсек-орынмен, сумен және тамақпен қамтылды. Барлық қабылдау пунктінде полиция және ТЖ қызметкерлері кезекшілік атқаруда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы мамыр айының соңына дейін Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, «Mass Alert» қағидаты бойынша мобильді құрылғылар арқылы халықты жедел хабардар ету жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жұмысты қазір Алматы әкімдігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар министрліктері бірлесіп жүргізуде.

Дәстүрлі SMS-ке қарағанда, Cell Вroadcast технологиясы желіге қосымша жүктеме жасамай, базалық станциялардың антенналарын қамту аймағында орналасқан барлық абонент үшін бірден жаппай хабарлама жіберуге мүмкіндік береді.

Премьер-Министрдің айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігінен бастап әкімдікке және басқа да мемлекеттік органдарға дейінгі барлық қызмет орын алған жағдайға қатысты шұғыл әрекет ете білді.

«Қазір орын алған жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қауіпіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдау керек», — деді Олжас Бектенов.