Орман шаруашылығында істейтін 4,5 мың қызметкердің жалақысы өседі

0
1 021

Экология министрі үнемделген қаражатты штаттан тыс қызметкерлердің айлығын көтеруге жұмсауды тапсырды.


Орман шаруашылығында істейтін 4,5 мың қызметкердің жалақысы өседі

ERNUR.KZ. Орман шаруашылығының штаттан тыс қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы қосылады, деп жазады sputnik.kz.

Ведомство ақпаратынша, министрлікте жүргізілген мемлекеттік сатып алу мониторингінің қорытындысы бойынша 853 млн теңге үнемделген қаражат анықталды.
"Осыған байланысты экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев осы ақшаны 1 шілдеден бастап жалақысы көтерілгендер санатына кірмеген қызметкерлердің еңбегіне қосымша ақы төлеу үшін пайдалануды тапсырды. Үстемеақы 4 539 қызметкерге қосылады", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі атап өткендей, орман шаруашылығының штаттан тыс қызметкерлеріне орман өрт сөндірушілері, трактор жүргізушілері, автокөлік жүргізушілері және тағы басқалары кіреді.
Үкімет қаулысымен биыл 1 шілдеде орман шаруашылығы саласындағы штаттық қызметкерлердің жалақысы көтерілген болатын. Қосымша үстемеақы штаттық қызметкерлерге ғана тағайындалды. Себебі мүдделі мемлекеттік органдармен келісу барысында қаулы ережелеріне сәйкес штаттан тыс қызметкерлерге үстемеақы қосу мәселесі қолдау таппаған.
Бұған дейін мәжіліс депутаты үкіметке жалақысы өспей қалған орманшылардың мұңын жеткізген еді.