Павлодар түрмесінде педофилді өлтіріп тастады – оқиғаның мән-жайы

0
576

​Соққыға жығылған сотталушы медициналық көмекке жүгінбеген және әкімшілікке ешқандай арыз-шағым айтпаған.


Павлодар түрмесінде педофилді өлтіріп тастады – оқиғаның мән-жайы

ERNUR.KZ. Павлодардағы қаупісіздік деңгейі жоғары түрмеде адам өлтіргені үшін қамалған ер адам өзге сотталушыны соққыға жықты. Ол ауыр дене жарақатынан көз жұмды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қылмыстық-атқару жүйесінің Павлодар облыстық департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Әбдіғалиеваның айтуынша, 8 мамыр күні кешқұрым АП-162/4 мекемесінің санитарлық бөлмесінде адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатқан 44 жастағы ер адам өзге сотталушыны соққыға жыққан. Ол медициналық көмекке жүгінбеген және әкімшілікке ешқандай арыз-шағым айтпаған.

"9 мамырда соққыға жығылған ер адам алған жарақат салдарынан жатқан жерінде қайтыс болды. Жедел жәрдем бригадасы оның өлімін тіркеді", – дейді Әбдіғалиева.

Айта кетейік, қайтыс болған ер адам Қылмыстық кодекстің 120-бабымен, кәмелетке толмаған баланы зорлау ісі бойынша айыпты деп танылып, сотталған. Соның негізінде жазасын өтеп жүрген.

Оқиға орнына тергеу тобы мен прокуратураның, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және қауіпсіздік қызметінің өкілдері шұғыл жетті. Сондай-ақ, ол жерге ұлттық алдын алу механизмі мен қоғамдық бақылау комиссиясы да шақырылды.