Павлодарлық студент Қазақстанның киелі орындарының барельефтерін салып жүр

0
1 128

Жанат Кәкімовтің жобасы Жастар корпусын дамыту жобасындағы үздік бизнес жоспарлардың бірі деп танылды.


Павлодарлық студент Қазақстанның киелі орындарының барельефтерін салып жүр

ERNUR.KZ. Жанат Кәкімов - павлодарлық жас кәсіпкер. Ол гипстен балаларға арналған барельефтер салуға қажетті топтамаларды жасаумен айналысады. Қазір Қазақстанның киелі орындарының барельефтерін салуды қолға алған, деп жазады ҚазАқпарат.

Жанаттың ойына осы бизнес идея мектеп қабырғасында оқып жүргенде келген, ал Жастар корпусы жобасынан ұтып алған грант оны іске асыруға мүмкіндік берді.

«Бала күнімде-ақ кәсіпкер болуды армандаушы едім. 11-сыныпта оқып жүргенде «Атамекен» ҰКП өткізген кәсіпкерлік курстарына жазылдым. Әрі оны бітірген аз ғана адамның бірі болдым. Ақыр соңында бизнес жоспар ойлап табу қажет болды. Мен балаларға байланысты бизнес құру қажеттігін білуші едім, өйткені, кәсіпкерлік тұрғысынан алғанда, бұл тәуір табыстың көзі», - дейді Жанат.

Курстарға қатысып жүріп Жанат ҚР Білім және ғылым министрлігі Бүниежүзілік банкпен ынтымақтастықта 2017 жылдан бері іске асырып келе жатқан Zhas Project жобасынан хабар алады. Ол достарын өзіне қосылуға шақырып, бірге грант бөлінетін конкурсқа өтініш тапсырады.

Олар гипстен барельефтер әзірлеуге қажетті топтамаларды жасауға шешім қабылдайды. Мұндай барельефтерді жасау кез келген баланың демалысын мазмұнды етеді әрі балалардың еңбек дағдыларын жетілдіріп, қиялын дамытады, қол-аяғын шынықтырады. Жанат қазірде компьютердің көмегімен Солтүстік Қазақстандағы киелі орындардың, қазақ халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің барельефтерінің макеттерін жасап жүр. Макет дайын болған соң фрезерлік станокта ағаш матрицаларды әзірлеп, пішіндерін жасайды.

Жастар корпусын дамыту жобасы аясында Жанат достарымен бірге балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, ерекше күтуді қажет ететін балаларға арнап 500-ден астам топтама әзірлеп үлгерді. Жуырда барельефтердің тақырып аясын кеңейтуді де жоспарлап отыр әрі қаладағы кеңсе тауарларын сататын дүкендермен ынтымақтастық орнатпақ.

Жанат Кәкімовтің жобасы Жастар корпусын дамыту жобасындағы үздік бизнес жоспарлардың бірі деп танылды. Оның жұмыстары биыл ақпан айында Астанада өткен үздік тәжірибелер республикалық форумының көрмесіне қойылды.