Петропавлда қызылша жұқтырған курсанттар саны екі есе өсті

0
608

Оқу мекемесінде екпе егілгенін растайтын құжаты жоқ курсанттарды вакциналау науқаны аяқталуға жақын


Петропавлда қызылша жұқтырған курсанттар саны екі есе өсті

ERNUR.KZ. Петропавлдағы әскери институтта қызылша жұқтырған курсанттар саны екі есе өсті, деп жазады sputnik.kz.

Егер 23 қарашадағы жағдай бойынша 15 курсант қызылша жұқтырса, қазір олардың саны 29-ға жетіп отыр.
"Қазіргі таңда Бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде Ұлттық ұлан академиясының 25 курсанты емделіп жатыр. Төрт курсант ауруханадан жазылып шықты. Ауру бәрінде жеңіл және орташа дәрежеде өтіп жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқан науқастар жоқ", - деп мәлімдеді Sputnik-ке СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Сайлау.
Оның айтуынша, №3 қалалық емхана науқастармен байланыста болған курсанттарға бақылау жүргізуде. Олардың саны – 1306, оның 715-і вакцина алуы керек, ал 656 курсантқа екпе егілген.
Солтүстік Қазақстан облысында барлығы "қызылша" диагнозымен 52 адам медициналық мекемеге жатқызылған. Соның ішінде 43-і – Петропавлда, қалғандары – аудандарда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, бүгін таңертеңгі жағдай бойынша инфекциялық стационарда қызылшамен 12 бала жатыр.
Бұған дейін жыл басынан бері қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелгені хабарланған болатын. Ауру жұқтырғандардың көбі – балалар.
Қызылша барлық өңірде тіркелген. Инфекцияға шалдыққандардың басым бөлігі Шымкентте тұрады. Ол жақта 3 мыңнан астам адам қызылшаны жұқтырған. Алматы қаласы мен Жамбыл облысында 2 мыңнан астам жағдай, ал Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан астам жағдай тіркелген.