Президент бастамасымен «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» жарыққа шықты

0
1 807

Аталған топтама «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жарық көрді.


Президент бастамасымен «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» жарыққа шықты

ERNUR.KZ. Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарыққа шыққан «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» топтамасының тұсауы кесілді, деп жазады baq.kz.

Аталған топтама «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жарық көрді.

Бұл топтамаға 13 ақынның шығармалары енгізілген. Олар: Абай, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадір Мырзәлі, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов және Мұхтар Шаханов.

инжу4.JPEG

Қасым-Жомарт Тоқаев осы топтамаға енгізілген әр ақынның кітабына жазған алғы сөзінде: «Рухани жаңғыру» - тарихи мұраларымызды түгендеп, өшкенімізді жандырумен қатар, төл әдебиетімізді ұлықтау, сол арқылы жауһар поэзиямызды ұрпақтың игілігіне айналдыру» деген.

Мемлекет басшысының бастамасымен көрнекті ақындарымыздың шығармаларынан құрастырылған топтамаларды жарыққа шығару алдағы уақытта да жалғаспақ. Шараны жүргізген Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли осындай жағымды жаңалығымен бөлісті.

«Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен, бастамасымен жарыққа шыққан «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» топтамасы, барлығы 13 кітап оқырмандарға жол тартты. Мемлекет басшысының көркем әдебиетіміздің дамуына әрдайым қолдау көрсетіп, оның дамуына бар мүмкіндікті жасап отырғанын білесіздер. Бүгін де президент тұсаукесерге жиналған әдебиет сүйер қауымға сәлемін, ыстық ықыласын жолдап жатыр. Бұл бастама жалғасын табады», - деді Берік Уәли.

инжу1.JPEG

Ал жазушы, «Тіл - Қазына» ұлттық орталығының бас директоры Әлібек Асқаров журналистерге берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясы қалай жүзеге асқанын айтып берді.

«Арнайы шағын топ құрылды. Алдымен 30 шақты ақынның аты-жөні ұсынылды. Соның ішінен 13 ақынды президенттің өзі таңдап алды. Қазақ поэзиясының эверестері 4-5 адам ғой. Олар - Абай, Мағжан, Қасым және Мұқағали. Алдымен осы төртеуі айтылып, басқа да ұлы ақындар қосылды. Өмірден өтіп кеткен 11 ақын, сосын екі ақын, қазір көзі тірі, Құдайға шүкір, Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов қосылды. Президент пәрмен бергеннен кейін біз құрастырушыларды іздедік. Абайды, Мұқағалиді және басқа да ақындарды жақсы білетін 4-5 адамнан топ құрып, олар сол ақындардың інжу-маржан өлеңдерін таңдады. Кітаптың бәрінде президенттің әр ақынға жазған өз алғы сөздері бар», - деді Әлібек Асқаров.

әлібек.jpg

Жазушының мәліметінше, игі бастама 13 кітаппен шектелмейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «бұл шара осымен тоқтамайды» деп алғы сөзде айтып өткен екен.

«Қазағымызда тағы да мықты ақындар көп қой. Президенттің «әрі қарай осы серияны жалғастырамыз» деген пікірі алғы сөзінің өзінде бар. Баяғыда біреулер «жас толқын кеп жатыр» деп айтушы еді. Жалпы, қазақ поэзиясы - толқын емес, цунами. Мен «бізде поэзия өте қатты дамыған» деп ылғи айтып жүремін. Сондықтан осы үрдіспен жалғаса берсе, жас ақындар да топтамаға кіреді. Өйткені, олар - біздің жалғасымыз», - деді Әлібек Асқаров.


инжу2.JPEG

Атап өтсек, «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» топтамасы Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров және «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековтің тікелей қолдауымен жарыққа шықты.

инжу5.JPEG

Бүгінгі тұсаукесер рәсіміне ҚР Парламентінің депутаттары, ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, журналистер қатысты.